Үш елдің ішкі істер министрлері қылмысқа қарсы бірлескен іс-қимыл мәселесін талқылады

Үш елдің ішкі істер министрлері қылмысқа қарсы бірлескен іс-қимыл мәселесін талқылады

Астанада Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Өзбекстан Республикасы ішкі істер министрлерінің кездесуі өтті.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, трансұлттық ұйымдасқан қылмысқа, халықаралық терроризм мен экстремизмге, сондай-ақ заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимыл мәселелері кездесудің негізгі тақырыбы болды.

– Жалпы алғанда біздің ынтымақтастығымыз жедел қызметтің барлық бағыттары бойынша қарқынды түрде дамып келеді. Ауыр, аса ауыр қылмыстарды бірлесіп ашуда, қауіпті қылмыскерлерді ұстауда көптеген оң мысалдар бар. Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсетіп, тәжірибе алмасамыз. Іздестіру жұмыстары да нәтижелі, – деп атап өтті Ержан Саденов.

Қазақстанның бас полицейінің айтуынша, 2023 жылы көрші мемлекеттердің сұрауымен біздің сақшылар ел аумағында 125 қылмыскерді ұстаған. Делегация басшылары қылмысқа қарсы күрестің барлық бағыттары бойынша ішкі істер органдарының өзара іс-қимылын жандандырудың маңыздылығы мен қажеттілігін атап өтті.

– Бір ғана мемлекеттің күшімен қылмысқа қарсы тиімді күрес жүргізу мүмкін емес. Өйткені бүгінде қылмыс түрлері трансұлттық сипатқа ие. Сондықтан бірлескен іс-қимылдар мен көрші елдер арасындағы өзара серіктестік өңірдегі тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудің басты кепілі болып табылады, – деді Қырғызстан министрі Ұлан Ниязбеков.

– Қазіргі заманғы сын-қатерлер мен қауіптер біздің министрліктеріміздің ортақ қызметін, тікелей және тығыз байланыста болуын, сондай-ақ бейінді бөлініс басшыларының практикалық тұрғыда кеңесуін талап етеді, – деп атап өтті Өзбекстан министрі Пулат Бобожонов.

Кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстан ІІМ үйлестіру топтарының жұмысын ұйымдастыру бойынша жедел, статистикалық және өзге де ақпаратпен, әдістемелік ұсынымдармен алмасуды жандандыруға, қылмысқа қарсы күрес саласында бірлескен өзара іс-қимыл көрсетуге, сондай-ақ қылмысқа қатысы бар адамдар туралы мәліметтермен алмасуға бағытталған Хаттамаға қол қойылды.

Ішкі істер министрлерінің кездесуі өзара түсіністік пен сындарлы диалог атмосферасында өтті.