Азамат тұрғылықты жері бойынша тіркелуге міндетті ме және тіркелу қайда жүзеге асырылады?

Азамат тұрғылықты жері бойынша тіркелуге міндетті ме және тіркелу қайда жүзеге асырылады?

 

      «Халықтың көші-қоны туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 51-бабына сәйкес ішкі көшіп-қонушылар Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын тәртіппен Қазақстан Республикасының аумағында тұрғылықты жері және уақытша болатын (тұратын) жері бойынша тіркелуге міндетті.

      Ішкі көшіп-қонушыларды тіркеу тәртібі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 01.12.2011 жылғы № 1427 қаулысымен және «Қазақстан Республикасының халқын құжаттандыру және тіркеу мәселелері бойынша Мемлекеттік қызметтер көрсету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 30.03.2020 жылғы № 267 бұйрығымен реттеледі.

      Ішкі көшіп-қонушыларды тұрғылықты жері бойынша, уақытша болатын (тұратын) жері бойынша тіркеу тұрғын үйлерде, пәтерлерде, саяжай құрылыстарында, бау-бақша серіктестіктерінде, кооперативтерде, жатақханаларда, қонақ үйлерде, демалыс үйлерінде, санаторийлерде, профилакторийлерде, емдеу мекемелерінде, интернат-үйлерде, пансионаттарда, қарттар үйлерінде, сондай-ақ адамдар тұру (болу) үшін пайдаланылатын ғимараттар мен үй-жайларда және тұрғын үй иесінің (жалдаушының) жазбаша немесе электрондық-цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы берген келісімі бойынша жүзеге асырылады.

      Азаматтарды тұрақты тұратын жері бойынша, уақытша болатын жері бойынша тіркеуді, сондай-ақ тіркеуден шығаруды ішкі істер органдары Халыққа қызмет көрсету орталықтарында (ХҚО) өтініш жасалған сәтте автоматтандырылған режимде не ХҚО-ға бармай-ақ «электрондық үкімет» порталы (ЭЦҚ болған кезде) арқылы жүзеге асырады. Тіркеу рәсімі 5 минутқа дейін созылады.

      Ережеге сәйкес ҚР азаматтары жаңа тұрғылықты жерге келген, уақытша болған (тұрған) күннен бастап 10 күнтізбелік күн ішінде тіркелуі тиіс.

      Тұрақты немесе уақытша тұрғылықты жері бойынша тіркеусіз тұрғаны үшін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінде (бұдан әрі - ӘҚБтК) әкімшілік жауапкершілік белгіленген. ӘҚБтК-нің 492-бабы бойынша 10 күнтізбелік күннен 1 айға дейінгі мерзімде тіркелмегені үшін ескерту қарастырылған. Осы мерзімнен артық - 7 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) мөлшерінде, жыл ішінде қайталап бұзғаны үшін 13 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.