ІІМ басшысы Сенатта Қырғызстанмен көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы заң жобасын ұсынды

ІІМ басшысы Сенатта Қырғызстанмен көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы заң жобасын ұсынды

Бүгін Парламент Сенатының отырысында “Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қырғыз Республикасының Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы” заң жобасы қаралды.

Бұған дейін бұл заң жобасын Мәжіліс депутаттары мақұлдаған болатын. Бүгін оны Парламент Сенатының депутаттары қарап, қабылдады. Депутаттар алдында ішкі істер министрі баяндама жасады. Ерлан Тұрғымбаев заң жобасын қабылдау екі елдің азаматтығы туралы ақпаратпен алмасуға, заңсыз көші-қонмен күресуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

– Заң жобасын қабылдау екі елге статистикалық мәліметтер мен ақпарат алмасу процесін жеңілдетуге, азаматтар мен олардың құқықтық мәртебесі туралы ақпарат алуға, көші-қон саласындағы қылмыспен күресуге және заңсыз арналарды жоюға, тәжірибе алмасуға және бір-біріне практикалық көмек көрсетуге мүмкіндік береді, – деді ІІМ басшысы Сенатта сөйлеген сөзінде.

Өткен жылы Қазақстанға Қырғызстанның 281 мыңнан астам азаматы келген. Қырғызстанға 175 мың қазақстандық барған. Бүгінгі таңда Қазақстанның ІІМ Көші-қон саласында, оның ішінде Өзбекстанмен, Тәжікстанмен, Әзірбайжанмен және Беларусьпен 23 халықаралық келісімді ратификациялады.