“Нелегал” ЖПІШ: ШҚО-да көші-қон заңнамасының сақталуына бақылау күшейтілді

“Нелегал” ЖПІШ: ШҚО-да көші-қон заңнамасының сақталуына бақылау күшейтілді

     ШҚО-да көші-қон заңнамасының сақталуына бақылау күшейтілді.

     Шығыс Қазақстан облысында “Нелегал” республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Операцияның негізгі мақсаты — шетел азаматтарының ел аумағында болу қағидаларын бұзу деректерін анықтау және заңсыз еңбек қызметінің жолын кесу. Іс-шараның алғашқы тәулігінде-ақ ШҚО ПД көші-қон қызметінің қызметкерлері 50-ден астам шетел азаматын әкімшілік жауапкершілікке тартты.

     Мәселен, Үлкен Нарын ауданында жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында уәкілетті органның рұқсатынсыз еңбек қызметін жүзеге асырған 8 шетел азаматы анықталды. Тексеру кезінде олардың екеуі бұған дейін де полиция назарына іліккені белгілі болды.

     Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, аталған азаматтарға Қазақстан Республикасына 5 жыл мерзімге кіруге тыйым салынды. Сонымен қатар, шетелдік жұмысшыларды заңсыз жұмысқа қабылдаған жұмыс беруші де әкімшілік жауапкершілікке тартылып, мемлекет кірісіне айыппұл төлеуге міндеттелді.

— Уақытша болатын шетел азаматтарының тиісті рұқсатсыз еңбек қызметімен айналысуына қатаң тыйым салынады. Жұмыс берушілерді қызметкерлерді жұмысқа қабылдау кезінде жауапкершілік танытып, көші-қон заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға шақырамыз, — деді ШҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ринат Шкибаев.

     Полиция жауапкершілік тек шетел азаматтарына ғана емес, оларға жұмыс ұсынған тұлғаларға да қарастырылғанын еске салады. Заң бұзушылықтарды анықтауға бағытталған рейдтік іс-шаралар облыс аумағында жалғасуда.