Түркістан облысында көші-қон қызметінің І тоқсандағы жұмысы қорытындыланды

Түркістан облысында көші-қон қызметінің І тоқсандағы жұмысы қорытындыланды

     Түркістан облысы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының жылдың І тоқсаны бойынша қорытынды жиналысы өтті. Жиынға облыс аумағындағы барлық полиция басқармалары мен бөлімдерінің көші-қон қызметі қызметкерлері қатысты


     Басқосуға Аида Смағұл төрағалық етті. Кездесу барысында көші-қон саласындағы өзекті мәселелер жан-жақты қаралып, атқарылған жұмыстардың нәтижелері сарапталды.

     Атап айтқанда Қазақстан Республикасының көші-қон заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету, шетел азаматтарының ел аумағында болу тәртібі, сондай-ақ азаматтарды жеке басын куәландыратын құжаттармен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар талқыланды. Жылдың алғашқы үш айында Түркістан облысында 7 584 шетелдікке уақытша тұруға рұқсат рәсімделіп, 166 шетелдікке Қазақстан Республикасының визалары берілді. Сонымен қатар көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін 7 749 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Олардың ішінде: – 1 048 шетелдік Қазақстан Республикасында болу тәртібін бұзған; – 467 қабылдаушы тарап шетелдіктердің болу талаптарын сақтамаған; – 102 жағдайда шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдалану деректері тіркелген. Сот шешімімен 579 шетелдік ел аумағынан шығарылды. Жиын қорытындысында алдағы кезеңге арналған негізгі міндеттер айқындалып, жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктелді.