Сурабая, 2022 жылғы 31 тамыз – Индонезияда Сурабая қаласындағы Қазақстанның Құрметті консулдығын салтанатты ашу рәсімі, ал одан кейін Қазақстандық-индонезиялық бизнес-форум өтті.
Қазақстанның Құрметті консулы болып Сурабая қаласының Сауда-өнеркәсіп палатасы төрағасының орынбасары, ақпараттық технологиялар, тамақ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы салаларындағы бірқатар компаниялардың басшысы Абдул Ғофур тағайындалды.
Іс-шараларға Индонезияның Сауда министрінің орынбасары Джерри Самбуага, Шығыс Ява өлкесінің Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Адик Путранто, 80-ге жуық индонезиялық компаниялардың өкілдері қатысты.
Қазақстан Елшісі Данияр Сарекенов Шығыс Явада консулдық ашуға түрткі болған алғышарттар қатарында Индонезияның жалпы ішкі өнімнің 15%-ын құрайтын өлкенің жоғары экономикалық белсенділігін, Шығыс Ява кәсіпкерлерінің қазақстандық әріптестермен өзара іс-қимыл жасауға қызығушылықтарын, сондай-ақ инвестициялық, мәдени-гуманитарлық салаларда ынтымақтасу перспективаларын атап өтті. Құрметті консулдық қазақстандық және шығыс явалық іскерлік топтарды байланыстыратын буынға айналады деп күтілуде.
А. Путранто Индонезияның Сауда-өнеркәсіп палатасы басшыларының бірін Қазақстанның құрметті консулы етіп тағайындау қазақстандық кәсіпкерлермен практикалық өзара іс-қимылды ілгерілетуде үлкен маңызға ие екенін атап өтті. Ол Құрметті консулдықтың ашылуы сауда айналымын арттыруға, инвестициялар мен туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға қосымша серпін беретініне сенім білдірді.
Сурабая қаласының Сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Али Аффанди мен Алматы қаласының Кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Ақеркін Ералиева қатысқан бизнес-форум шеңберінде екі қалада бизнес жүргізудің перспективті бағыттары туралы таныстырылымдар жасалды.
«Kazakh Invest» компаниясы индонезиялық бизнесмендерге Қазақстанның қолайлы инвестициялық климаты мен инвесторлар үшін көзделген негізгі преференциялар туралы ақпаратты ұсынып, индонезиялық компанияларды еліміздің экономикасының басым салаларында жобаларды бірлесіп жүргізуге шақырды.
«KTZ Express» компаниясы Қазақстанның транзиттік-көліктік әлеуеті, соның ішінде Қытайдың Ляньюньган портындағы қазақстандық терминал туралы таныстырылым жасады.
Өз кезегінде «QazTrade» компаниясы қазақстандық экспорттың негізгі баптары, Қазақстанның сауда саясатының негізгі бағыттары, экспорттаушыларды қолдау шаралары туралы баяндап, Шығыс Явамен тауар айналымын ұлғайту үлкен әлеуетке ие екенін атап өтті.
Сонымен қатар, «Астана» халықаралық қаржы орталығының өкілдері индонезиялық компанияларды қаржы саласында белсенді ынтымақтасуға, ислам банкингі мен қаржы технологиялары саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға шақырды.
Сондай-ақ, «Finna Group» азық-түлік өндірушісі («Kapal Api» кофесін шығарады), механикалық, электрлік және медициналық жабдықтарды өндіруші «Samator» компаниясы, «AMPHURI» қажылық пен умраны ұйымдастыру қауымдастығы, «PELINDO» логистикалық компаниясы өз таныстырылымдарды жасап, Қазақстанмен ынтымақтасуға қызығушылық білдірді.
Іс-шара соңында Д. Самбуага, Қазақстан мен Индонезия сауда көлемін, әсіресе шикізатты емес тауар саудасы көлемін арттырудың үлкен әлеуетіне ие екенін атап өтті. Оның мәлімдеуінше, Индонезияның Сауда министрлігі осы мәселе бойынша қазақстандық әріптестермен тығыз қарым-қатынас жасауға дайын.
40 миллионнан астам халқы бар Шығыс Ява өлкесінде Индонезияның негізгі өнеркәсіптік кластері, соның ішінде тоқыма, аяқ киім, жиһаз, химия, металлургия, фармацевтика өндірістері шоғырланған. Сурабая – ірілігі жағынан Джакартадан кейінгі екінші қала, экономикалық орталық және елдің порты.