Қазақстан өлім жазасын жою туралы басты халықаралық құжатқа қосылу процесін аяқтады  

Қазақстан өлім жазасын жою туралы басты халықаралық құжатқа қосылу процесін аяқтады   

Нью-Йорк, 2022 жылғы 24 наурыз – Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Мағжан Ілиясов өлім жазасын жоюға бағытталған Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге екінші Факультативтік хаттаманы ратификация жөнінде құжатты БҰҰ хатшылығына сақтауға тапсырды.

Бұл қадам еліміздің адам құқықтарын қорғауға және осы саладағы өзінің халықаралық міндеттемелерін орындауға деген берік бейілділігін растайды.

Қазақстан хаттамаға қосылған БҰҰ-ға мүше 193 мемлекеттің ішінен 90-шы мемлекет болды.

Қазақстанның осы халықаралық құжатқа қосылу жолындағы алғашқы қадамы оның 2020 жылғы 23 қыркүйекте Нью-Йоркте қол қоюы болды. Содайн кейін, 2021 жылғы 2 қаңтарда ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев осы құжатты ратификациялау туралы Заңға қол қойды.

Хаттама ережелеріне сәйкес елдің ұлттық қылмыстық заңнамасын хаттама нормаларына сәйкес келтіру талап етілді.

2021 жылғы 29 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өлім жазасын жою мәселесі бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды.

Осылайша, екінші Факультативтік хаттамаға қосылу Қазақстанда өлім жазасының толық жойылуын бекітіп, қылмыстық заңнаманы жалпы ізгілендіру бағытын жалғастырды.

Өлім жазасын қолдану Қазақстан Республикасында ҚР Президентінің 2003 жылғы 17 желтоқсандағы тиісті мораторий енгізу туралы Жарлығымен тоқтатылды.2022 ж. 16 наурызда Қазақстан халқына жасаған «Жана Қазақстан: жаңару мен жаңғыру жолы» атты жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «өлім жазасына тыйым салу туралы шешімді біржола бекіту үшін Конституцияға тиісті өзгеріс енгізу қажет» деген ұсыныс жасаған болатын.