Кембриджде Шығыс Қазақстаннан әкелінген сақ алтынының көрмесі аяқталды

Кембриджде Шығыс Қазақстаннан әкелінген сақ алтынының көрмесі аяқталды

КЕМБРИДЖ, 2022 жылғы 27 қаңтар – Кембридж университеті жанындағы Фицуильям мұражайында «Ұлы дала алтыны» көрмесінің ресми жабылуы өтті. Британдық БАҚ «халықаралық сенсация» деп атаған және «Apollo» журналы әлемнің үздік алты көрмесінің бірі деп атаған бірегей көрме Ұлыбританияда төрт ай болды. Елдегі карантиндік шектеулерге қарамастан, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған көрмені 25 мыңға жуық адам тамашалады.

Көрмеде Шығыс Қазақстан облысындағы Берел, Шілікті және Елеке Сазы жерлеу кешендерінен біздің дәуірімізге дейінгі VIII-III ғасырларға жататын жүздеген бірегей алтын жәдігерлер ұсынылды. Экспонаттар келушілерге сақтардың тұрмысын, тарихы мен мұрасын тануға, сондай-ақ ежелгі көшпенділердің қазіргі қазақ мәдениетімен түйісу нүктелерін зерттеуге мүмкіндік берді.

Жабылу салтанатында сөз сөйлеген Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысов көрменің халықаралық аудиторияға Қазақстанның бай тарихын ашқанын және ортақ мақсат – ежелгі ақпарат көздерін ашып, адамзат тарихын тереңірек тануға ұмтылу жолындағы ғылыми және мәдени ынтымақтастықтың көрінісі болғанын атап өтті.

Фицуильям мұражайының директоры Люк Сайсон Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовке, Шығыс Қазақстан тарихи-өлкетану мұражайының басшылығына, профессорлар Зайнолла Самашев пен Әбдеш Төлеубаевқа тығыз ынтымақтастық үшін алғысын білдіріп, көрме барысында Кембридж университетінің ғалымдары қазақстандық археологтармен бірлесіп бірегей сақ артефактілерін зерттегенін айтты. Ғылыми зерттеулердің нәтижелері алдағы айларда әлемдік қауымдастыққа ұсынылатын болады. Ол сондай-ақ көрме мен оған ілеспе зерттеулер Қазақстан мен Ұлыбританияның ғылыми қоғамдастықтары арасындағы ынтымақтастықты тереңдету үшін берік іргетас қалағанын атап өтті.