Нью-Йорк, 2022 жылғы 20 қаңтар – Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі Мағжан Ілиясов БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі БҰҰ Орталық Азия үшін алдын алу дипломатия жөніндегі өңірлік орталығының қызметі туралы жартыжылдық баяндамасы қарсаңында БҰҰ Бас хатшысының Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Наталья Германмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында сұхбаттастар Қазақстандағы жақында болған қайғылы оқиғаларды, сондай-ақ өңірдегі қауіпсіздікті нығайту және әлеуметтік-экономикалық дамуды ілгерілету бойынша одан әрі өзара іс-қимыл жолдарын талқылады.
М. Ілиясов Н. Германға Қазақстандағы оқиғаларды және мемлекет басшылығының тәртіп пен заңдылықты қалпына келтіру бойынша қабылдаған шараларын сындарлы бағалағаны үшін алғыс айтты. ҚР БҰҰ жанындағы Тұрақты өкілі қайғылы оқиғалардың басынан бері Қазақстанның бірқатар аймақтарында не болып жатқандығы және болған оқиғаларға мұқият тергеу жүргізу туралы егжей-тегжейлі ақпарат берді. М. Ілиясов Үкіметтің әлеуметтік-экономикалық саладағы өзгерістер мен ішкі мемлекеттік қауіпсіздікті нығайту жөніндегі нақты жоспарларына ерекше назар аударды.
БҰҰ Бас хатшысының Арнайы өкілі қазақстандық тарапқа еліміздің Тұрақты өкілдігі БҰҰ Хатшылығына аталған оқиғалардың алғашқы күндерінен бастап ұсынған елде болып жатқаны туралы жедел және анық мәліметтер үшін ризашылығын білдірді.
БҰҰ-ның жоғары өкілі БҰҰ түрлі агенттіктерінің әлеуметтік-экономикалық салада және қауіпсіздік мәселелерінде ел үкіметінің алдына қойылған міндеттер тұрғысынан Қазақстандағы әріптестікті кеңейтуге дайын екенін мәлімдеді.
«Қазақстан тек өңірлік қана емес, жаһандық процестердің белсенді ойыншысы және қатысушысы, көптеген маңызды халықаралық бастамалардың бастамашысы болып табылады», – деп атап өтті Н. Герман. БҰҰ Бас хатшысының Арнайы өкілі БҰҰ Өңірлік орталығының ағымдағы қызметі мен жақын жоспарлары туралы айта отырып, радикализмнің, экстремизмнің, сондай-ақ өңірдегі трансшекаралық қылмыстың өсуімен байланысты проблемалар мен сын-тегеуріндерді шешуге Қазақстанның одан әрі жан-жақты қатысуына үміт білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Орталық мандаты шеңберінде ынтымақтастық мәселелері бойынша тұрақты байланыстарды жалғастыруға келісті.
БҰҰ Орталық Азия үшін алдын алу дипломатия жөніндегі өңірлік орталығы 2007 жылы Ашхабадта ашылды. Оның міндеті Орталық Азия мемлекеттеріне өңір үшін өзекті мәселелерді шешуде және бейбітшілік пен қауіпсіздікке төнетін ықтимал қатерлерді жоюда көмек көрсету.
Орталық басшысы – БҰҰ Бас хатшысының Орталық Азия бойынша Арнайы өкілі жарты жылда бір рет Нью-Йорктегі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің жабық консультацияларында Орталықтың ағымдағы қызметі мен жұмысының басымдықтары туралы баяндама жасайды.