Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің ұйымдастыруымен Кеңес Одағының батыры, Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты қолбасшысы, әскери стратег және белгілі жазушы Бауыржан Момышұлының 111 жылдығына орай түрік ғалымы Ашур Өздемирдің «Түркістанның от баласы Бауыржан Момышұлы» атты кітабының тұсаукесері өтті. Іс-шараға түрік зиялы қауым өкілдері, қазақ және түрік студенттер және БАҚ өкілдері қатысты.
Іс-шарада сөз сөйлеген Елші Абзал Сапарбекұлы биыл Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы екенін және бүгінгі іс-шараның да тәуелсіздік мерейтойына және қазақтың біртуар батыры әрі жазушысы Бауыржан Момышұлының рухына тағзым және оның мерейтойына тарту екенін атап өтті.
А.Сапарбекұлы мұндай іс-шаралардың мәдениет пен әдебиетті дамытуда ерекше орын алатынын және екі ел арасындағы бауырластықты одан әрі дамытатынын айтты.
Б.Момышұлының ерлігі мен шебер қолбасшылығы туралы айта келе, Елші оның Қызыл Армияның аты аңызға айналған қолбасшысы екенін, өмір бойы өзінің ұлттық бірегейлігін сақтап, ұлттық рухын асқақтатқан өз халқының аянышты ұлы екенін айтты.
Кітап авторы белгілі ғалым, түрік тілі мен әдебиетінің оқытушысы, аудармашы А.Өздемир Қазақстанның тарихы, мәдениеті мен әдебиеті және рухани астана Түркістан туралы айтып берді. Б.Момышұлының жеке басына, оның өміріне, соғыс кезіндегі тәжірибесіне және жазушы ретіндегі соғыстан кейінгі тағдырына егжей-тегжейлі тоқталды.
Кітап үш бөлімнен және соңғы сөзден тұрады. Бірінші бөлімде Б.Момышұлының отбасы, балалық шағы, мектеп шағы мен әскерлік өмірі туралы баяндалады. Екінші бөлімде Б.Момышұлының Қазақ әдебиеті туралы пікірі мен оның әдеби аудармалары, Тіл және Қазақстан тарихы туралы көзқарастары берілген. Үшінші бөлімде оның шығармалары, өлеңдері, мақал-мәтелдері, хаттары, мақалалары мен газет басылымдары, соғыс туралы естеліктері бар.
Іс-шара барысында Б.Момышұлы туралы қысқаша деректі фильм көрсетілді.