Еуропадағы ең көне кинотеатрлардың бірінде «Жұлдыздар тоғысқанда» кинофильмі көрсетілді

Еуропадағы ең көне кинотеатрлардың бірінде «Жұлдыздар тоғысқанда» кинофильмі көрсетілді

Страсбург, 2021 жылғы 13 желтоқсан – Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен Тұңғыш Президент күнін мерекелеу құрметіне Еуропадағы ең көне кинотеатрлардың бірінде француз тіліне аударылған «Жұлдыздар тоғысқанда» қазақстандық көркем фильмінің көрсетілімі өтті.

Бұл іс-шараны Страсбургтағы ҚР Бас консулдық және Франциядағы Қазақ кино фестивалі қауымдастығымен бірлесіп, 1913 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан әйгілі Страсбург «Одиссей» кинотеатрында ұйымдастырды.

Францияның Ұлы Шығыс аймағы мен Страсбург қаласының, Еуропа Кеңесінің өкілдері, Еуропарламент депутаттары, шет мемлекеттердің елшілері мен дипломаттары, француз студенттері мен журналистері Қазақстанның көп ғасырлық даму тарихымен де, қазақ мемлекеттілігінің қалыптасуының маңызды кезеңдерімен таныстырылды.

Бас консул Әнуарбек Ахметов өз сөзінде шетелдік қонақтарға тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуындағы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы кинофильмде ерекше көрсетілген рөлі туралы айтып берді.

2019 жылғы маусымда сайланған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі уақытта республиканың одан әрі демократиялық дамуына бағытталған ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар жүргізіп жатқаны атап өтілді.

Сондай-ақ, қонақтар Қазақстанның тәуелсіздік жылдарындағы саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық даму саласындағы жетістіктеріне арналған фотосуреттер экспозициясымен танысты.