Анкарада Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған ғылыми конференция өтті

Анкарада Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған ғылыми конференция өтті

Анкара, 2021 жылдың 26 қазаны – Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығы мен 16-шы Анкара кітап жәрмеңкесінің шеңберінде Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі және Анкара Хаджы Байрам Вели университетінің бірлесіп қазақтың халық поэзиясының әйгілі тұлғасы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған ғылыми конференция өтті. Іс-шараға Қазақстан Елшісі Абзал Сапарбекұлы, Анкара Хаджы Байрам Вели университетінің ректоры Юсуф Текин, университет оқытушылары, ғылыми қызметкерлер, студенттер мен жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.

Алғы сөзінде Елші Жамбылдың қазақ әдебиеті мен адамзат тарихындағы орнының ерекшелігіне тоқталды. Ол «Ұлы дала Гомері атанған Жамбыл көзі тірісінде-ақ әлемге әйгілі болып, құрметке бөленді. Өз ұлтының рухани қазынасын, терең философиясын жырларында көрсете білген Жамбыл ескі мен жаңаны ұштастыра білген» деп баяндады.

Сонымен қатар отандық дипломат, Жамбылдың қазақ халқының ұлттық құндылықтары мен бай фольклорлық дәстүрлерінің сақталуына үлкен үлес қосқандығын, осы орайда оның мұрасын зерделеу, қорғау тек қазақ халқы үшін ғана емес, бүкіл Түрік әлемі үшін маңызды екендігін баса айтты.

Анкара Хаджы Байрам Вели университетінің ректоры өз сөзінде қазақ елін тәуелсіздіктің 30 жылдығымен құттықтап, аталған конференцияның екі бауырлас елдер арасындағы рухани және ғылыми байланыстарды одан әрі нығайта түсетіндігіне сенімін білдірді.

Конференцияда Анкара Хаджы Байрам Вели университетінен проф. док. Наджие Ата Йылдыз, Доц. док. Бекир Түмен Сомунжу, док. Ферхат Тамир, Кастомону университетінен проф. док. Орхан Сөйлемез, Эге универиситенінен проф. док. Мустафа Өнер, Муғла Сыткы Кочмен Университетінен доц. док. Екрем Аян, Акдениз университетінен Ләззат Уракова Янч Жамбыл өмірімен шығармашылығы туралы баяндама жасады. Ғалымдар Жамбылдың ұлылығы оның тек ақындық шеберлігімен ғана емес, сонымен бірге халық поэзиясының бұтақ жайған жаңа бір бәйтерегі болуымен, басқаша айтқанда, халық ақындарының жасампаздық рухтағы жаңа ұлы көшін бастаған даралығымен де өлшенетіндігін атап өтті.

Конференция барысында қатысушыларға Елшіліктің қолдауымен басылып шығарылған кітаптар тарту етілді.