Қазақстан 8-ші «Қытай – Орталық Азия» ынтымақтастық форумына қатысты

Қазақстан 8-ші «Қытай – Орталық Азия» ынтымақтастық форумына қатысты

Ланьчжоу, 2021 жылдың 15–16 қазаны – Қазақстанның ҚХР-дағы Елшісі Ғабит Қойшыбаев Ганьсу өлкесінің Халық үкіметі және ШЫҰ Тату көршілік, достық және ынтымақтастық комитеті бірлесе ұйымдастырған 8-ші «Қытай – Орталық Азия» ынтымақтастық форумына қатысты.

Форумның ашылу рәсімінде Қазақстан Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары Әлихан Смайылов, Түркіменстанның Халық мәслихаты Милли Генгеш (Парламенттің жоғарғы палатасы) Төрағасының орынбасары Қасымғұлы Бабаев, Өзбекстан Олий Мәжілісі Заң шығару палатасы Төрағасының орынбасары (Парламенттің төменгі палатасы) Зухра Ибрагимова іс-шараға қатысушыларға бейнежолдаулар жасады.

Іс-шара аясында спутниктік навигациялық жүйені қолдану, қазіргі қоғамдардағы әйелдердің рөлі, заманауи сауда мен логистика, тұрақты және жасыл даму мәселелеріне арналған төрт тақырыптық кіші форум өткізілді. «Әйелдер рөлінің дамыту» кіші форумында ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Ләззат Рамазанованың бейнежазбасы көрсетілді.

Форум аясында Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Армения елшілерінің Бүкілқытайлық халық өкілдері жиналысы Тұрақты комитеті Төрағасының орынбасары Шэнь Юэюэ және Ганьсу өлкесінің басшылығымен ұжымдық кездесуі өтіп, оның барысында тараптар «Қытай – Орталық Азия» аясындағы көпжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен келешегі туралы пікір алмасты.

Кездесу барысында Ғ. Қойшыбаев дипломатиялық миссиялардың басшылары атынан сөз сөйлеп, өте қысқа мерзімде өзектілігі мен қажеттілігн дәлелдей алған «Қытай – Орталық Азия» ынтымақтастық форумдарын тұрақты түрде өткізудің маңыздылығын баса айтты. Ол аталған байланыс форматының арқасында аймақтағы елдердің өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі мәселелерді талқылау үшін жаңа қолайлы алаң қалыптасып үлгергенін атап өтті. Отандық дипломат сондай-ақ нақты нәтиже беруі тиіс форумның 

2020 жылы іске қосылған «Орталық Азия – Қытай» форматындағы сыртқы істер министрлерінің тұрақты кездесулерімен өзара толықтыратын рөліне назар аударды.

Өз кезегінде, Шэнь Юэюэ қытай тарапының Орталық Азия елдерімен сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге, көліктік байланысты нығайтуға, сондай-ақ КОВИД-19 пандемиясымен бірлесе күресуде тиімді өзара ықпалдасуды жалғастыруға дайындығын білдірді. 

Іс-шараның қонақтары мен қатысушылары сондай-ақ ҚХР Үкіметінің Еуразия істері жөніндегі арнайы өкілі Ли Хуэй, ҚХР-да аккредиттелген бірқатар елдердің дипломатиялық миссиялары, ШЫҰ Хатшылығының басшылары мен қызметкерлері, сонымен қатар Қытайдың орталық мемлекеттік және жергілікті билік органдары, ғылыми-зерттеу құрылымдары, іскерлік топтары және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері болды.

«Қытай – Орталық Азия» ынтымақтастық форумы 2012 жылы Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы өзара іс-қимылды тереңдету және ынтымақтастық тетіктерін дамытуға арналған үнқатысу алаңы ретінде құрылды. Форумды құру отырысы 2012 жылғы 7 мамырда ҚХР Чжэцзян өлкесінің Тунсян қаласында ҚР Парламенті Мәжілісінің сол кездегі Төрағасының орынбасары Ж. Кәрібжановтың қатысуымен өтті.