Лондон, 2021 жылдың 9 маусымы – Қазақстанның әскери реформалары мен бітімгершілік қызметі Қазақстан Республикасы тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу аясында Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігінің Британ-Қазақстан қоғамымен бірлесіп ұйымдастырған вебинарында пікірталастың басты тақырыбына айналды.
«Ұлы Даланың Қарулы күштері: Қазақстанның әскери реформасы және бітімгершілік қызметі» тақырыбындағы іс-шараға Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшісі Ерлан Ыдырысов, Ұлыбритания Лордтар палатасының мүшесі Лорд Джон Астор, Ұлыбритания Парламенті Қауымдар палатасының депутаты, Қазақстанмен ынтымақтастық жөніндегі жалпыпартиялық парламенттік топтың төрағасы полковник Боб Стюарт, ҚР Қорғаныс министрлігі (ҚР ҚМ) Халықаралық ынтымақтастық департаментінің бастығы полковник Олжас Құсайынов, сондай-ақ ҚР Қорғаныс министрлігі Бітімгершілік дайындық орталығының бастығы полковник Бауыржан Нығметуллин де қатысты.
Е. Ыдырысов өзінің кіріспе сөзінде қорғаныс саласындағы Қазақстан-Британ ынтымақтастығы екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің маңызды бөлігі екендігін атап өтті.
Лорд Дж. Астор осы тұрғыда Ұлыбритания мен Қазақстанның әскери ынтымақтастығының тарихы ауқымды және жемісті екенін, ал «Дала қыраны» жаттығулары осы ынтымақтастықтың маңызды құрамдас бөлігі екендігін мәлімдеді.
«Бүгінде қазақстандық қарулы күштер құрылымды, оқытуды және жарақтандыруды қоса алғанда, барлық бағыттар бойынша жаңғыртылып, трансформацияланды. Біз Қазақстанның халықаралық бітімгершілік бастамаларындағы маңызды қызметін құптаймыз. Қазақстан бұрынғы Кеңес Одағының аумағында құрылған ең ірі бітімгершілік күштердің бірі», – деп қосты ол.
Б. Стюарт Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) бітімгершілік операцияларына, соның ішінде Ливан, Шығыс Сахара және Ирактағы миссияларға қатысуының жоғары маңыздылығын атап өтіп, қазақстандық және британдық бөлімшелердің БҰҰ аясындағы бітімгершілік миссияларға бірлескен қатысуына үміт білдірді.
О.Құсайынов Тәуелсіздік алған сәттен бастап, Қазақстанның Қарулы күштерін жаңғыртудың негізгі кезеңдері туралы айтып берді. Осы уақыт ішінде Қазақстан бастапқыда ең ірі ядролық державалардың бірі болғанымен, кейін жойқын күшті жаһандық деңгейде таратпау саласында көшбасшы елге және бейбітшілікті қолдау жөніндегі бірлескен іс-қимылдардың белсенді қатысушысына айналды.
Өз кезегінде Б. Нығметуллин Қазақстанның БҰҰ аясындағы бітімгершілік миссияларға қосқан үлесі туралы, сондай-ақ бітімгершілік қызметке қатысу географиясын кеңейту үшін қазақстандық әскери-саяси басшылықтың жасап жатқан жұмыстары туралы егжей-тегжейлі айтып берді.
Мәселен, 1993-жылдан бастап, Қазақстан Тәжік-Ауған шекарасында, Иракта, Непалда, Грузияда, Кот-Д’Ивуарда, Шығыс Сахарада және Ливанда өткен халықаралық операцияларға қатысты.
«БҰҰ талаптарына сәйкес, Қазақстан бітімгершілік қызметте гендерлік теңдікке қол жеткізу үшін дәйекті қадамдар жасауда. Қазақстанның төрт әйел офицері БҰҰ бітімгершілік операцияларына қатысып үлгерді, ал олардың бірі қазіргі уақытта Батыс Сахарада қызмет етеді. Қазіргі уақытта екі бітімгер әйелдің ҚР ҚМ Бітімгершілік дайындық орталығында нұсқаушы болып қызмет етуі бұл мәселенің біз үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетеді», – деп атап өтті Б.Нығметуллин.
Ол сондай-ақ Британиялық тараптың көмегімен «Бітімгерлерге арналған ағылшын тілі» жобасы шеңберінде қазіргі уақытта қазақстандық әскери қызметшілердің тілдік дағдыларын арттыру бойынша бірқатар шаралар қабылданып жатқанына тоқтады. Олар бітімгершілік персоналдың тілдік даярлығын және ҚР ҚМ Бітімгершілік дайындық орталығы нұсқаушыларының мамандандырылған тілдік даярлығын қамтиды.
Жалпы, британиялық іс-шараға қатысушылар бүкіл әлемдегі бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайту ісіндегі Қазақстанның рөлін жоғары бағалады. Бітімгершілік операцияларына бірлесіп қатысуды, оқытуды, сондай-ақ тәжірибе алмасуды қоса алғанда, қорғаныс саласындағы ынтымақтастықты арттыруға дайындық туралы айтылды.
Пленарлық баяндамалардан кейін сұрақтар мен жауаптар сессиясы өтті, оның шеңберінде қатысушылар сұрақтарға толық жауап алды.
Бұл вебинар – Елшілік Британ-Қазақстан қоғамының базасында ұйымдастырған Қазақстан тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Kazakhstan at 30» іс-шаралар сериясының бесінші бөлігі.