«Қазақстан-Люксембург» ынтымақтастық қауымдастығына Қазақстан Президентінің алғысхаты табыс етілді

«Қазақстан-Люксембург» ынтымақтастық қауымдастығына Қазақстан Президентінің алғысхаты табыс етілді

Брюссель, 2021 жылдың 4 маусымы – Қазақстанның Еуропалық одақтағы Өкілдігінің басшысы Марғұлан Баймұхан мәдени қарым-қатынастарды нығайтуға және қазақтың ұлы ақыны және ойшылы Абай Құнанбайұлының мұрасын насихаттауға елеулі үлес қосқаны үшін «Қазақстан – Люксембург» қауымдастығына Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Мәдениет және спорт министрінің алғыс хаттарын салтанатты түрде табыс етті.

2019 жылы құрылған Қауымдастық Қазақстанның шетелде оң имиджін ілгерілетуге, Қазақстан мен Люксембург арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамытуға, сондай-ақ өзара тиімді жобаларды іске асыруға елеулі үлес қосуда.

Қауымдастық люксембургтіктерді Қазақстанның бай тарихымен, мәдени мұрасымен және экономикалық мүмкіндіктерімен таныстырады. Осы мақсаттарға қол жеткізу үшін Қауымдастық «Отандастар» қорымен, Люксембургтегі ҚР Құрметті консулдығымен және Люксембургтің сауда-өнеркәсіптік палатасымен белсенді ынтымақтасады.

Қауымдастық өз қызметі аясында Елшіліктің қолдауымен Люксембург көрермендері үшін алғаш рет «Қазақ хандығы. Алмас қылыш» фильмінің көрсетілуін, Люксембургте тұратын қазақстандықтардың интеграциялық кездесуін және басқа да мәдени және туристік іс-шаралар ұйымдастырды.

Кездесу барысында Қауымдастықтың басшысы Нұргүл Тұрсын алдағы уақытта жүзеге асырылатын имидждік және мәдени жобалар туралы айтып берді.