Кишиневте «Қазақстанды таны» фотокөрмесі ашылды

Кишиневте «Қазақстанды таны» фотокөрмесі ашылды

Қазақстанның Молдовадағы Елшісі Алмат Айдарбеков Кишинев Примариясының қолдауымен ұйымдастырылған «Қазақстанды таны» фотокөрмесінің ресми ашылуына қатысты

А.Айдарбеков Қазақстан мен Молдова арасындағы достық қатынастар өзара құрметке негізделгенін атап өтті. Мемлекет басшылары Қ.Тоқаев пен М.Сандудың кездесулері, Молдованың Астанадағы Елшілігінің ашылуы және МР Сыртқы істер министрі М.Попшойдың 2025 ж Қазақстанға жасаған ресми сапары екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ықпал еткендігін жеткізді

Елші көрменің Кишинев тұрғындары мен қонақтарын Қазақстанның табиғатымен, мәдени мұрасымен және қазіргі келбетімен таныстыруға бағытталғанын айтты. Ол Бас примар И.Чебан мен Примария қызметкерлеріне бастаманы қолдағаны және оны жүзеге асыруға жәрдемдескені үшін алғыс білдірді.

Өз кезегінде Бас примар Ион Чебан фотокөрменің Кишиневтің мәдени өміріндегі маңызын атап өтті. Ол мұндай бастамалар қала тұрғындарына өзге елдердің тарихы мен дәстүрлерін танып-білуге мүмкіндік беретінін, достық байланыстарды нығайтып, одан әрі ынтымақтастыққа жол ашатынын жеткізді.

Көрме Қазақстан Республикасының күніне және Кишиневтің 590 жылдығына арналған. Оның мақсаты – Молдова астанасының тұрғындары мен қонақтарын еліміздің табиғатымен, тарихи-мәдени мұрасымен және қазіргі дамуымен таныстыру, екі халық арасындағы достық байланыстарды нығайтуға үлес қосу. Көрмеге қойылған 43 фотосурет – Қазақстанға ашылған 43 терезе. Олар келушілерді асқар таулар мен ұлан-ғайыр далалармен, көне ескерткіштер мен киелі орындармен, ұлттық дәстүрлермен және заманауи қалалардың сәулетімен таныстырады. Фотосуреттер өз мұрасын ұқыпты сақтап, дәйекті түрде дамып келе жатқан еліміздің сан қырлы келбетін көрсетеді.