Қазақстан терроризмге қарсы күрес жөніндегі «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» екінші диалогына қатысты

Қазақстан терроризмге қарсы күрес жөніндегі «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» екінші диалогына қатысты

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Станислав Василенко Брюссельде өткен терроризмге қарсы күрес жөніндегі «Орталық Азия – Еуропалық Одақ» екінші диалогына қатысты.

Іс-шараға Орталық Азияның бес мемлекеті мен Еуропалық Одақтың өкілдері қатысты.

Тараптар қазіргі террористік қауіп-қатерлерге қатысты бағалауларымен алмасып, терроризм мен зорлық-зомбылық экстремизміне қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық ынтымақтастықты, оның ішінде көпжақты алаңдар шеңберіндегі өзара іс-қимылды нығайту мәселелерін талқылады.

Шетелдік террористік содырларды қылмыстық қудалау, оңалту және қоғамға қайта интеграциялау, сондай-ақ интернет желісінде экстремистік насихаттың таралуына қарсы іс-қимыл және радикалданудың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Қазақстан тарапы қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын радикалданудың алдын алу, оңалту және әлеуметтік реинтеграциямен ұштастыратын терроризмге қарсы іс-қимылдың кешенді тәсілінің маңыздылығын, сондай-ақ Орталық Азия елдері мен ЕО арасындағы практикалық ынтымақтастықты одан әрі нығайту қажеттігін атап өтті.

Диалог қарсаңында, 7 қазанда, сарапшылық консультациялар өткізіліп, олардың барысында Орталық Азия елдері мен ЕО өкілдері елдеріне қайтарылған адамдарды қылмыстық қудалау, оңалту және қоғамға қайта интеграциялау саласындағы тәжірибелерімен және озық практикаларымен алмасты.

Кездесу қорытындысы бойынша қатысушылар тұрақты диалогты жалғастыруға және терроризмге қарсы іс-қимыл саласындағы ынтымақтастықты дамытуға мүдделілік білдірді.