Қазақстан мен Сауд Арабиясы дипломатиялық кадр даярлаудағы ынтымақтастықты күшейтеді

Қазақстан мен Сауд Арабиясы дипломатиялық кадр даярлаудағы ынтымақтастықты күшейтеді

Қазақстанның Сауд Арабиясындағы Елшісі Мадияр Меңілбеков Ханзада Сауд әл-Фейсал атындағы Дипломатиялық зерттеулер институтының Бас директоры доктор Мушабаб бен Айед әл-Кахтанимен кездесті.

Кездесу барысында тараптар дипломатиялық кадрларды даярлау, ғылыми-талдау бағытындағы әріптестік және тәжірибе алмасу мәселелерін талқылады. Сонымен қатар екі мемлекеттің сыртқы саяси ведомстволары арасындағы өзара іс-қимылды сапалы жаңа деңгейге көтерудің маңыздылығы аталып өтті.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екі елдің дипломатиялық институттары арасында жас мамандарға арналған тағылымдамалар мен біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыруды, сондай-ақ бірлескен ғылыми-зерттеу жобалары мен іс-шараларды өткізуді көздейтін екіжақты құжатқа қол қою мүмкіндігін қарастыруға келісті.