Қазақстан Солтүстік Грекияның іскер топтарына инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды

Қазақстан Солтүстік Грекияның іскер топтарына инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырды

Қазақстанның Грекиядағы Елшісі Тимур Сұлтанғожин Салоникиге жұмыс сапары аясында 90-Салоники халықаралық көрмесінің (TIF) ашылуына орай өткен іс-шараларға қатысып, Солтүстік Грекияның мемлекеттік құрылымдары мен іскерлік топтарының өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді.

Елші шақырылған қонақ ретінде көрменің ресми ашылу салтанатына қатысты, оның барысында Грекия Премьер-Министрі Кириакос Мицотакис елдің экономикалық дамуының негізгі бағыттары туралы сөз сөйледі. Т.Сұлтанғожин сондай-ақ TIF-те ұсынылған грек компанияларының мүмкіндіктерімен және қазақстандық серіктестермен ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарымен танысты.

Көрме аясында Елші Грекия Сыртқы істер министрінің орынбасары Харис Теохариспен кездесіп, тараптар Қазақстан мен Греция арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылады.

Сонымен қатар, Т.Сұлтанғожин Салоники Сауда-өнеркәсіп палатасының Президенті Иоаннис Масутиспен, Салоники өнеркәсіптік аймағы кәсіпорындары қауымдастығының (SEVIPETH) Президенті Константинос Мораитидиспен, сондай-ақ Македония мен Фракия мәселелері жөніндегі Грекия Ішкі істер министрінің орынбасары Константинос Гюлекаспен кездесулер өткізді. Салоники Сауда-өнеркәсіп палатасының, Халықаралық сауда палатасының Ұлттық комитеті («ICC Hellas»), SEVIPETH және жергілікті іскерлік топтардың өкілдерімен жеке кездесу өтті.

Кездесулер барысында Елші грек серіктестерге Қазақстанның экономикалық дамуы, шетелдік инвесторларды мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шаралары, сондай-ақ елдің Еуропа мен Азияны байланыстырушы буын ретіндегі көлік-логистикалық әлеуеті туралы ақпарат берді.

Қазақстандық және грек компаниялары арасындағы практикалық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларына ерекше назар аударылды. Басым бағыттар қатарында өнеркәсіптік кооперация, энергетика, көлік және логистика, агроөнеркәсіптік кешен, туризм және цифрлық технологиялар аталды.

Елші Қазақстанның грек бизнесін инвестициялық жобаларды іске асыруға тартуға және екі елдің кәсіпкерлік топтары арасында тікелей байланыстарды дамытуға мүдделі екенін атап өтіп, аймақтық сауда-өнеркәсіп палаталары мен бизнес-қауымдастықтарының бірлескен іске асыру үшін нақты жобаларды іздестірудегі маңызды рөлін атап көрсетті.

Кездесулердің қорытындысы бойынша Қазақстан мен Грекия арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге өзара мүдделілік расталды.