
Бангкок, 2026 жылғы 3 қыркүйек - Қазақстанның БҰҰ АзТМЭӘК жанындағы Тұрақты өкілі Марғұлан Баймұхан БҰҰ АзТМЭӘК-тің ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, ғылым, технологиялар және инновациялар жөніндегі комитетінің бесінші сессиясына қатысты.
Сессия барысында Қазақстан делегациясы Алматы қаласында БҰҰ АзТМЭӘК-тің тұрақты даму жөніндегі Азия-Тынық мұхиты цифрлық шешімдер орталығын құру жобасын іске асыру барысы туралы ақпарат ұсынды.
Өз сөзінде М. Баймұхан Қазақстан Комиссияның 82-сессиясының тиісті қарары аясында қабылдаған міндеттемелерін растайтынын және Орталықтың 2027 жылы ашылуын қамтамасыз етуді жоспарлап отырғанын атап өтті. Ол БҰҰ АзТМЭӘК-ке мүше мемлекеттерді Орталықтың жұмысына белсенді қатысуға, оның ішінде өз өкілдері мен сарапшыларын жіберуге, сондай-ақ озық тәжірибе мен цифрлық шешімдер алмасуға шақырды.
БҰҰ АзТМЭӘК-ке мүше бірқатар мемлекет Қазақстанның бастамасын қолдайтынын білдіріп, сондай-ақ Азия-Тынық мұхиты өңіріндегі цифрлық инклюзия мен трансформация жөніндегі Астана министрлік декларациясының ережелерін іске асыру нәтижелеріне қанағаттанушылық білдірді.