
Токио, 2026 жылғы 2 қыркүйек – Елші Ерлан Баударбек-Қожатаев Жапония Парламентінің гуманитарлық дипломатия жөніндегі тобының Төрағасы, бұрынғы Премьер-министр Шигэру Ишибамен келіссөздер жүргізді.
Тараптар Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы желтоқсанда Токиоға жасаған алғашқы ресми сапары және оның «Орталық Азия + Жапония» атты бірінші саммитке қатысуы қорытындысы бойынша жоғары деңгейде қол жеткізілген уағдаластықтардың іске асырылу барысын талқылады. Саяси және парламентаралық алмасуларды одан әрі дамыту, сондай-ақ перспективалы бағыттар бойынша экономикалық өзара іс-қимылды кеңейту маңызды екені атап өтілді.
Шигэру Ишиба Премьер-министр қызметін атқарған кезеңде Қазақстан-Жапония байланыстарын дамытуға ерекше назар аударғанын атап өтті. Осыған байланысты ол Мемлекет басшысына жолдаған жеке жолдауын еске салып, онда екіжақты ынтымақтастықты және «Орталық Азия + Жапония» диалогі шеңберіндегі өзара іс-қимылды одан әрі дамыту жөніндегі көзқарасын баяндағанын жеткізді.
Халықаралық қауіпсіздік, орнықты даму және заң үстемдігі мәселелеріне ерекше назар аударылды. Шигэру Исиба Қазақстанның ядролық қарусыздану және таратпау саласындағы дәйекті ұстанымын жоғары бағалап, еліміздің жаһандық қауіпсіздікті нығайтудағы маңызды рөлін атап өтті.
Қазақстан Елшісі сұхбаттасушыны Қазақстан Республикасы Құрылтайының сайлау қорытындылары және елімізде жүргізіліп жатқан саяси реформалар туралы да хабардар етті.
Тараптар климаттың өзгеруі, табиғи апаттар тәуекелдерінің алдын алу және оларды азайту, су қауіпсіздігі, туризм, мәдениет және гуманитарлық алмасулар сияқты салалардағы өзара іс-қимылды кеңейту үшін елеулі әлеует бар екенін атап өтті.
Шигэру Ишиба Қазақстанның алдында тұрған экологиялық және су мәселелеріне ерекше назар аударып, Арал теңізі мен Қазақстан мұздықтарының қазіргі жағдайына қызығушылық танытты. Өз кезегінде, Елші Қазақстан Республикасы Президентінің экологиялық және «жасыл» бастамаларын, соның ішінде Халықаралық су ұйымын құру туралы ұсынысын таныстырды.
Келіссөздер қорытындысы бойынша тараптар екіжақты өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға мүдделі екенін растады.