Болгарияда Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының 35 жылдығына орай фотокөрме ашылды

Болгарияда Семей ядролық сынақ полигоны жабылуының 35 жылдығына орай фотокөрме ашылды

Қазақстанның Болгариядағы Елшілігі Болгария Республикасы Халық жиналысы басшылығының қолдауымен Парламент ғимаратында Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күніне және Семей ядролық полигонының жабылғанына 35 жыл толуына арналған фотокөрме ұйымдастырды.

Іс-шараға Болгария Халық жиналысының 52-шақырылымының депутаттары, оның ішінде Қазақстанмен парламентаралық достық тобының мүшелері, сондай-ақ Болгария қоғамдастығының және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.

Қазақстанның Болгариядағы Елшісі Виктор Темірбаев бұл күннің Қазақстан халқы үшін маңыздылығын атап өтіп, Қазақстанның ядролық қарудан азат әлем құруды ілгерілету бағытындағы халықаралық күш-жігеріне назар аударды. Қазақстанның бастамасымен 29 тамыздың БҰҰ Бас Ассамблеясы бекіткен Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қимыл күні мәртебесіне ие болғаны атап өтілді.

Елші сондай-ақ жаңа Конституцияны бүкілхалықтық референдумда қабылдағаннан кейін 23 тамызда өткен Қазақстанның жаңа бір палаталы парламенті – Құрылтайға алғашқы сайлаудың ерекше маңызын атап өтті.

Өз сөздерінде болгариялық парламентшілер Қазақстанның ядролық қарусыздану және жаппай қырып-жою қаруын таратпау режимін нығайту саласындағы көшбасшылығына жоғары баға берді. Сондай-ақ парламентаралық достық тобының қызметі екі ел арасындағы парламентаралық ынтымақтастықты дамытуға қосымша серпін беретініне сенім білдірді.

Іс-шараға қатысушылар халықаралық қоғамдастық Қазақстанның ядролық қарусыздану саласындағы «ұлы әрі дана шешімі» туралы жақсы хабардар екенін ерекше атап өтті.

Көрмеде бірегей тарихи материалдар – ядролық сынақтар өткізілген жерлерден түсірілген фотосуреттер, Семей полигонының жабылғанын айғақтайтын мұрағаттық құжаттар, сондай-ақ «Невада – Семей» антиядролық қозғалысына арналған фотосуреттер ұсынылды.