
Қазақстанның Словениядағы Елшісі Алтай Әбибуллаев Словения Республикасының Сыртқы және еуропалық істер министрі Тоне Кайзермен кездесті. Тараптар саяси, сауда-экономикалық, энергетикалық және парламентаралық ынтымақтастықтың кең ауқымды мәселелерін, сондай-ақ халықаралық күн тәртібіндегі өзекті тақырыптарды талқылады.
Елші Словения тарапын 1 шілдеде күшіне енген Қазақстанның жаңа Конституциясының негізгі ережелері және парламенттік сайлаудың қорытындылары туралы ақпарат берді. Қазақстанның Құрылтайы мен Словенияның Ұлттық жиналысы арасындағы парламентаралық байланыстарды, оның ішінде достық тобын құру арқылы дамытудың маңыздылығы атап өтілді.
Словенияның сыртқы саяси ведомствосының басшысы Қазақстанды Словенияның Орталық Азиядағы маңызды серіктесі ретінде қарастыратынын растады және жаңа Үкіметтің сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыруға дайын екенін білдірді. Дипломатиялық қатынастардың орнағанына 35 жыл толуына орай тараптар алдағы кезеңде Словенияның Астанада толыққанды Елшілігін ашуға мүдделілік танытты. Бұл екіжақты қатынастарды одан әрі дамытуға қосымша серпін берері атап өтілді.
Тараптар өзара сауда көлемінің оң динамикасын атап өтті. 2025 жылы оның көлемі 220 млн АҚШ долларынан асты. Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Словения үкіметаралық комиссиясының кезекті отырысын Люблянада өткізу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Фармацевтика және жоғары технологиялар салаларындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды. Словения делегациясы мен елдің жетекші IT-компаниялары 1–3 қазанда Астанада өтетін AI & Digital Bridge Forum халықаралық форумына қатысуға шақырылды.
Кездесу барысында Қазақстанның Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасы және КҚК төңірегіндегі ахуал да талқыланды. Словения тарапы Қазақстанның Еуропалық одақтың энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі маңызды рөлін атап өтіп, ЕО деңгейіндегі диалогты дамытуға қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты ынтымақтастықтың барлық спектрі және халықаралық күн тәртібі бойынша тығыз үйлестіруді жалғастыруға дайын екендерін растады.