Қазақстан Республикасының Таиланд Корольдігіндегі Елшісі Марғұлан Баймұханның Таиланд Сайлау комиссиясының мүшесі Ситтичоти Интарависетпен кездесуі өтті.
Кездесу барысында Елші Қазақстандағы конституциялық және саяси жаңғыртудың негізгі бағыттарын, оның ішінде заң шығару процесін оңтайландыруға және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталған қос палаталы Парламенттен бір палаталы Құрылтайға көшу үдерісін таныстырды.
Елші сондай-ақ Қазақстанның сайлау жүйесінің ерекшеліктері, оның ішінде сайлаушылар тізімдерін өзектендіруді және азаматтардың өз деректерін тексеру мүмкіндігін қамтамасыз ететін «Сайлау» ақпараттық жүйесі туралы айтып берді.
Сонымен қатар, Елші Қазақстанның негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерімен таныстырды. Тәуелсіздік жылдарында ел экономикасына шамамен 470 млрд АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестициялар тартылды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша экономиканың өсімі 6,5%-ды құрап, ЖІӨ 305 млрд АҚШ долларына жетті, жан басына шаққандағы ЖІӨ 15 мың АҚШ долларынан асты, ал жұмыссыздық деңгейі 4,6%-ды құрады.
Қазақстан–Таиланд байланыстарының дамуына да ерекше назар аударылды. 2025 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 255,1 млн АҚШ долл. құрап, шамамен 8%-ға өсті. 2025 жылы Таиландқа шамамен 200 мың Қазақстан азаматы барды. Әуе қатынасы аптасына 23 тұрақты тікелей рейсті қамтиды, ал чартерлік рейстерді қоса алғанда, олардың саны 35 рейске дейін жетеді.
Өз кезегінде, Ситтичоти Интарависет Қазақстан тарапын Таиландтың сайлау жүйесінің ерекшеліктерімен таныстырып, екі елдің сайлау комиссиялары арасындағы өзара тиімді ынтымақтастық пен тәжірибе алмасудың перспективалары жөніндегі өз көзқарасымен бөлісті.
Тараптар кәсіби диалогты одан әрі жалғастыруға, практикалық тәжірибе алмасуға, сондай-ақ сайлау процесі, саяси жаңғырту және мемлекеттік басқару салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық білдірді.