Қазақстан мен Бельгия агроөнеркәсіп кешені, туризм және өңірлік серіктестік салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

Қазақстан мен Бельгия агроөнеркәсіп кешені, туризм және өңірлік серіктестік салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуде

Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко Батыс Фландрия провинциясына жұмыс сапары аясында Бланкенберге қаласының мэрі Бьёрн Прассемен, сондай-ақ бельгиялық «Maselis» тобының иесі әрі бас директоры Патрик Мазелиспен және «Borlix NV» компаниясының басшылығымен кездесулер өткізді.

Бланкенберге қаласының мэрімен келіссөздер барысында тараптар өңірлік деңгейдегі Қазақстан мен Бельгия арасындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын, оның ішінде туризм, орнықты қалалық даму, мәдени алмасулар және екі ел муниципалитеттері арасында тікелей байланыстар орнату мәселелерін талқылады.

Елші бельгиялық тарапты Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды саяси және конституциялық реформалар, жаңа Конституцияның күшіне енуі, сондай-ақ жаңа бір палаталы Парламент – Құрылтайға сайлауға дайындық барысы туралы хабардар етті.

Бланкенберге мен Қазақстанның туристік өңірлері арасында серіктестік байланыстар орнату перспективаларына, оның ішінде курорттық аумақтарды басқару, экологиялық жобаларды іске асыру, яхта инфрақұрылымын дамыту және орнықты қалалық мобильділік салаларына ерекше назар аударылды.

Бельгиялық «Maselis» тобының және «Borlix NV» компаниясының басшылығымен өткен келіссөздер барысында тараптар Қазақстан мен Бельгия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады. Екіжақты сауда көлемінің тұрақты өсімі аталып өтті: 2025 жылы Қазақстанның Бельгияға экспорты 48%-ға өсіп, 311,5 млн АҚШ долларына жетті. Бұл ретте негізгі экспорттық тауарды зығыр тұқымы құрады. Бельгия қазақстандық зығырдың Еуропадағы ең ірі өткізу нарығы болып табылады, ал Қазақстан бүгінде ЕО нарығына зығыр тұқымын жеткізушілер арасында бірінші орында тұр.

Бельгиялық тарап астықты терең өңдеу, заманауи өңдеу технологияларын жергіліктендіру, тағамдық ингредиенттер мен жемшөп өндіру, сондай-ақ Қазақстанның агроөнеркәсіп кешенінде бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру салаларындағы ынтымақтастыққа қызығушылық танытты. Аталған компаниялар Бельгия Королі Филипптің Қазақстанға 2026 жылдың күзінде өтетін тарихтағы алғашқы мемлекеттік сапарына дайындық аясында перспективалы серіктестер ретінде қарастырылуда.

Елші сондай-ақ Транскаспий халықаралық көлік бағытының (Орта дәліз) Еуразиядағы қарқынды дамып келе жатқан көлік бағыттарының бірі ретіндегі әлеуетін жан-жақты таныстырып, Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімдерін Еуропалық Одақ елдеріне жеткізуді одан әрі ұлғайту үшін Антверпен-Брюгге портының инфрақұрылымын пайдалану мүмкіндіктеріне назар аударды.

Сапар аясында Р.Василенко Антверпен-Брюгге біріккен портының құрамына кіретін Зебрюгге порттық кешенінің қызметімен де танысты.

Сапар қорытындысы бойынша тараптар іс-жүзіндегі ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, агроөнеркәсіп кешені, логистика, туризм және өңірлердің орнықты дамуы салаларында бірлескен жобаларды іске асыруға, сондай-ақ Қазақстан мен Батыс Фландрия провинциясының іскерлік және өңірлік топтары арасындағы тікелей байланыстарды нығайтуға өзара мүдделілікті растады.