Қазақстан мен Нигерия өзара іс-қимылды нығайтуға мүдделілігін растады

Қазақстан мен Нигерия өзара іс-қимылды нығайтуға мүдделілігін растады

Қазақстан Республикасының Алжирдегі Елшісі Әнуарбек Ахметов Алжирге сапармен келген Нигерия Федеративтік Республикасы Сыртқы істер министрлігінің Мемлекеттік хатшысы Дунома Умар Ахмедпен кездесті.

Кездесу барысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалары таныстырылды. Сондай-ақ жаңа Конституцияның күшіне енуі және алдағы Құрылтай сайлауы туралы ақпарат берілді.

Сұхбаттасушыға Қазақстан Президентінің БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасы таныстырылды. Нигерия СІМ-нің Мемлекеттік хатшысы аталған бастаманың өзектілігін жоғары бағалап, су қауіпсіздігін қамтамасыз ету барлық мемлекеттердің күш-жігерін біріктіруді талап ететін жаһандық міндет екенін атап өтті.

Тараптар сондай-ақ Қазақстан-Нигерия ынтымақтастығының қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылап, саяси диалогты одан әрі дамыту, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту және шарттық-құқықтық базаны жетілдіру мәселелері бойынша пікір алмасты.

Кездесу қорытындысы бойынша халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға, сондай-ақ екі елдің елшіліктері мен сыртқы саяси ведомстволары арасындағы тұрақты байланыстарды қолдауға өзара мүдделілік расталды.