Қазақстан мен Кувейт агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан мен Кувейт агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Елшісі Ержан Елекеев Кувейт Мемлекетінің Сауда және өнеркәсіп министрі Осама Будаимен кездесу өткізді.

Тараптар екіжақты сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстардың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылап, агроөнеркәсіптік сектордағы ынтымақтастық пен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударды.

Елші Қазақстанның ауыл шаруашылығы саласындағы айтарлықтай экспорттық әлеуетін атап өтіп, Кувейтке сапалы қазақстандық өнімді ұзақ мерзімді негізде жеткізуге дайын екенін білдірді.

Кувейт тарапы Қазақстаннан ауыл шаруашылығы өнімдерінің импортын кеңейтуге қызығушылық танытты, бұл елдің стратегиялық азық-түлік қорларын құру жөніндегі мүдделеріне сәйкес келеді. Сонымен қатар, тараптар қазақстандық ет өнімдерін жеткізу жөнінде қол жеткізілген уағдаластықтарды және оның түр-түрін одан әрі кеңейту перспективаларын атап өтті.

Сонымен қатар, тараптар көлік-логистикалық өзара іс-қимылды дамыту мәселелерін, оның ішінде салынып жатқан өңірлік Gulf Railway теміржол желісін «Солтүстік–Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізімен ықпалдастыру перспективаларын талқылады. Бұл перспективада Қазақстан өнімдерін Парсы шығанағы мемлекеттеріне жеткізу үшін неғұрлым тиімді логистикалық бағыттарды қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар сауда көлемін ұлғайту, агроөнеркәсіптік ынтымақтастықты дамыту және инвестициялық өзара іс-қимылды кеңейту бағытындағы практикалық жұмысты жалғастыруға дайын екендерін растады.