
Қазақстанның Жапониядағы Елшісі Ерлан Баударбек-Қожатаев Жапон су форумының Бас хатшысы Ютака Хосомимен кездесті. Тараптар жаһандық су күн тәртібінің өзекті мәселелері мен су ресурстарын басқару саласындағы ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Қазақстандық дипломат Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасын таныстырып, оның жаһандық су ресурстарын басқару жүйесін нығайтудағы, қолданыстағы халықаралық тетіктердің үйлестіруін арттырудағы және инклюзивті диалогты дамытудағы маңызын атап өтті.
Ю. Хосоми Қазақстанның су дипломатиясы саласындағы бастамаларына жоғары баға беріп, олардың дер кезінде ұсынылғанын және халықаралық маңызға ие екенін айтты. Оның пікірінше, қазіргі су саласындағы сын-қатерлер су қауіпсіздігі, климаттың өзгеруі, орнықты даму және халықаралық қауіпсіздік мәселелерінің өзара байланысын ескеретін кешенді тәсілді талап етеді.
Сұхбаттастар сондай-ақ су ресурстары саласындағы қазақстан-жапон ынтымақтастығын одан әрі кеңейтуге, оның ішінде су қауіпсіздігін нығайтуға, сондай-ақ екі елдің ғылыми-зерттеу орталықтары мен қоғамдық ұйымдары арасындағы серіктестікті дамытуға мүдделі екендіктерін растады.
Кездесу «Japan Water Week» («Жапонияның су апталығы») аясында өтті. Thinking Future of Water халықаралық симпозиумы барысында Ерлан Баударбек-Қожатаев қатысушыларға Орталық Азиядағы су саласындағы сын-қатерлер және оларды шешуге бағытталған Қазақстанның бастамалары туралы ақпарат ұсынды.
Жапон су форумы су саясаты, су ресурстарын басқару және орнықты даму салаларында жұмыс істейтін елдің 100-ге жуық жетекші ұйымын жинап, сондай-ақ Азия-Тынық мұхиты су форумы мен Азия-Тынық мұхиты су саммиті хатшылығының функцияларын атқарады.