Манамада Қазақстан мен Бахрейн арасындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттары талқыланды

Манамада Қазақстан мен Бахрейн арасындағы ынтымақтастықтың жаңа бағыттары талқыланды

Қазақстан Республикасының Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Елшісі, Қазақстан Республикасының Бахрейн Корольдігіндегі қоса атқарушы Елшісі Мадияр Менілбековтің Бахрейн Корольдігіне жұмыс сапары аясында елдің мемлекеттік органдарының, іскерлік және сарапшылық қауымдастықтарының өкілдерімен бірқатар кездесулері өтті.

Бахрейн Корольдігі Сыртқы істер министрі орынбасарының міндетін атқарушы - екіжақты қатынастар жөніндегі бас директоры шейх Абдулла бен Әли Әл Халифамен өткен келіссөздер барысында екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективалары, жоғары және аса жоғары деңгейлердегі алдағы байланыстардың кестесі, сондай-ақ өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті мәселелері талқыланды. Саяси диалогты нығайтуға және көпжақты алаңдардағы өзара іс-қимылды кеңейтуге ерекше назар аударылды.

Alba компаниясының Бас атқарушы директоры Әли Әл-Бақалимен өткен кездесуде өнеркәсіптік кооперация, озық технологиялар мен өндірістік тәжірибе алмасу, сондай-ақ металлургия саласындағы бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру мәселелері қарастырылды.

Royal Humanitarian Foundation Қамқоршылық кеңесі төрағасының орынбасары доктор Мұстафа Әл-Сайедпен кездесуде Қазақстан Елшісі Қорға 2021 жылы Астана қаласында №91 мектептің құрылысына көрсеткен қолдауы үшін ризашылығын білдірді.

Халықаралық стратегиялық зерттеулер институтының Таяу Шығыс жөніндегі өңірлік орталығының (IISS–Middle East) басқарушы директоры Наташа Марвамен өткен кездесуде өңірлік қауіпсіздік мәселелері, қазіргі геосаяси үдерістер және сараптамалық орталықтар арасындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары талқыланды.

Сапар қорытындысы бойынша Қазақстан Елшісі «Bahrain TV» мемлекеттік телеарнасына сұхбат беріп, Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар, сондай-ақ Қазақстан мен Бахрейн арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары туралы айтып берді.

Өткен кездесулер Қазақстан мен Бахрейннің саяси диалогты одан әрі нығайтуға және сауда-экономикалық, инвестициялық әрі гуманитарлық салалардағы практикалық ынтымақтастықты кеңейтуге өзара мүдделі екенін тағы бір мәрте растады.