
Қазақстан Республикасының Алжирдегі Елшісі Әнуарбек Ахметов Алжирдің Қаржы министрі Әбделкәрім Бузредпен кездесу өткізіп, оның барысында қаржы-экономикалық саладағы екіжақты ынтымақтастықтың перспективалық бағыттарын талқылады.
Кездесу барысында қазақстандық дипломат Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елімізде жүзеге асырылып жатқан саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалары, жаңа Конституцияның күшіне енуі туралы, сондай-ақ алдағы Құрылтай сайлауына дайындық барысы жөнінде ақпарат берді. Сонымен қатар, Елші цифрландыру, электрондық үкіметті дамыту және қолма-қол ақшасыз төлемдер жүйесін жетілдіру салаларындағы Қазақстанның жетістіктерін таныстырды.
Алжирдің Қаржы министрі Қазақстанда жүргізіліп жатқан реформалардың нәтижелеріне жоғары баға беріп, қаржы-экономикалық саладағы Қазақстанмен ынтымақтастықты кеңейтуге Алжир тарапының мүдделі екенін айтты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ынтымақтастықты одан әрі дамытуға өзара мүдделілігін растады және өзара іс-қимылды екіжақты негізде де, халықаралық қаржы институттары, оның ішінде Ислам даму банкі шеңберінде де жандандыруға уағдаласты.