
Қазақстан Республикасының Израиль Мемлекетіндегі Елшісі Дәулет Ембердиев Тель-Авив қаласында Израиль Инновациялар басқармасы басшысының орынбасары Шломи Кофманмен кездесті.
Кездесу Израиль Мемлекетінің Президенті И. Герцогтың биыл сәуірде Астанаға жасаған сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру мақсатында ұйымдастырылды. Осыған байланысты қазақстандық дипломат Қазақстан мен Израиль арасындағы қарқынды дамып келе жатқан экономикалық және технологиялық ынтымақтастық аясында екі ел басшыларының уағдаластықтары инновациялар саласындағы өзара іс-қимыл мен израильдік технологияларды тартуға қуатты серпін беретінін атап өтті.
Ш. Кофман екіжақты диалогты дамыту перспективалары жөніндегі көзқарасымен бөлісіп, Қазақстанмен нақты әрі мазмұнды ынтымақтастыққа дайын екенін жеткізді. Осы тұрғыда қазақстандық компаниялар мен Израильдің технологиялық секторы арасында тікелей байланыстар орнату, сондай-ақ Қазақстанда озық технологияларды енгізуге бағытталған бірлескен жобаларды Израиль тарапының қолдауы мәселелері талқыланды.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Израиль басшысының Қазақстанға жасаған сапары барысында қол жеткізілген екіжақты уағдаластықтарды тиімді іске асыру мақсатында, оның ішінде Қазақстан–Израиль Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясы шеңберінде тығыз өзара іс-қимылды жалғастыруға келісті.