
Қазақстан Республикасының Кения Республикасындағы Елшісі Барлыбай Садықов Кенияның Инвестициялар, сауда және өнеркәсіп министрі Ли Киньянджуйимен кездесті.
Кездесуге Қазақстанның квазимемлекеттік және қаржы секторларының өкілдері, сондай-ақ Кенияның салалық мемлекеттік органдарының өкілдері қатысты. Тараптар биыл мамырдағы Кения Президенті Уильям Рутоның Қазақстанға мемлекеттік сапарының қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асырудың нақты қадамдарын талқылады.
Келіссөздерде тау-кен өнеркәсібі, банк саласы, көлік-логистика, туризм, инвестициялар және ауыл шаруашылығы бағыттарындағы екіжақты ынтымақтастықты жандандыру мәселелері қарастырылды. Өзара тиімді бірлескен кәсіпорындар құру мүмкіндіктеріне және қазақстандық өнімнің Кения нарығына шығуына қолдау көрсету мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Сонымен қатар, қазақстандық делегация үшін Момбаса теңіз портына, Кенияның негізгі «құрлық порты» саналатын Найроби ішкі контейнерлік терминалына, сондай-ақ шай және кофе плантацияларына таныстыру сапарлары ұйымдастырылды. Шай-кофе хабын құру жөніндегі уағдаластықтарды іске асыру және Қазақстан тарапының Кенияның порттық инфрақұрылымын пайдалану мәселелері де талқыланды.
Кенияның ресми өкілдері Қазақстан экономикасының қарқынды дамуын жоғары бағалап, Найробидің Астанамен екіжақты ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге ерекше мүдделі екенін атап өтті.
Кездесулер қорытындысы бойынша тараптар өзара қызығушылық тудыратын жобалар бойынша техникалық-экономикалық негіздемелер әзірлеу, жоғары деңгейде қол жеткізілген келісімдерді іске асыру жөніндегі жол карталарын дайындау, сондай-ақ сарапшылар деңгейіндегі өзара сапарларды ұйымдастыруды қоса алғанда, басым бағыттардың барлық спектрі бойынша ынтымақтастықты нығайтуға уағдаласты.