
Қазақстанның Сербиядағы Елшісі Мәди Атамқұловты Сербия Президенті Александр Вучич дипломатиялық миссиясының аяқталуына байланысты қабылдады.
Кездесу барысында Сербия басшысы Қазақстан мен Сербия арасындағы екіжақты қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, Белградтың Астанамен байланыстарын одан әрі нығайтуға мүдделі екенін растады.
А.Вучич Қазақстан Президенті жүргізіп отырған саясатқа және оның жоғары кәсібилігіне ерекше құрмет білдіріп, еліміздегі конституциялық реформаларды, сондай-ақ, экономикалық, технологиялық және әлеуметтік салалардағы үлгілі жетістіктерді атап өтті.
Сербия басшысы соңғы жылдары екі ел арасындағы әріптестік жаңа деңгейге шыққанын және Елші М.Атамқұловтың екі ел арасындағы саяси диалогты, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайтудағы қажырлы еңбегіне жоғары баға берді.
Президент алдағы уақытта да Қазақстан мен Сербия арасындағы қатынастардың оң серпіні сақталады деген сенім білдірді.
А.Вучич ҚР Президенті Қ.Тоқаевпен өткен келіссөздердің қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтарға тоқталып, Белград қаласында «Қазақстан» қонақ үй кешенінің құрылысын бастау мәселесін жеке бақылауда ұстап отырғанын хабарлады.
Өз кезегінде Елші М.Атамқұлов Сербия Президентіне Қазақстанмен көпқырлы ынтымақтастықты нығайтуға, сондай-ақ, Қазақстанның Белградтағы дипломатиялық өкілдігінің қызметіне тұрақты қолдау көрсетіп, ерекше көңіл бөлгені үшін алғыс айтты.