
Қазақстан Республикасының Иордан Хашимит Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі Талғат Шалданбай Иорданияның Тәуелсіз сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Али Аз-Зиудпен кездесті.
Кездесу барысында Елші Т.Шалданбай сұхбаттасушыны Қазақстанда жүзеге асырылудағы ауқымды саяси, институционалдық және әлеуметтік-экономикалық реформалар, сондай-ақ мемлекеттік басқару жүйесін әрі қарай жаңғыртудың негізгі бағыттары туралы хабардар етті.
Күшіне енген еліміздің жаңа Конституциясына және 2026 жылғы 23 тамызда өтетін Құрылтай депутаттарының алдағы сайлауына ерекше назар аударылды. Бірпалаталы заң шығарушы органның алғашқы құрамын қалыптастыру еліміздің жаңартылған конституциялық модельге көшуіндегі маңызды кезең болатындығы атап өтілді.
Сонымен қатар, Елші Қазақстанның жүйелі цифрлық және экономикалық жаңғыруы, жасанды интеллект технологияларын, заманауи инфрақұрылымды және экономиканың жоғары технологиялық салаларын дамыту, сондай-ақ көлік, энергетика және логистика салаларындағы ірі жобаларды іске асыру туралы хабарлады.
Қазақстандық дипломат ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтің атынан А.Аз-Зиудқа Құрылтай депутаттарының сайлауын дайындау мен өткізуге халықаралық байқаушы ретінде қатысуға шақыруды табыс етті.
Өз кезегінде, А.Аз-Зиуд Қазақстан мен Иордания арасындағы достық қарым-қатынастардың жоғары деңгейін атап өтіп, екі елдің сайлау органдары арасындағы ынтымақтастықты әрі қарай дамытуға мүдделілік білдірді. Бұған қосымша, Иорданияның Тәуелсіз сайлау комиссиясы өкілдерінің Қазақстан Құрылтайы депутаттарының алдағы сайлауына халықаралық байқаушы ретінде қатысатындығын растады.