Қазақстан мен Пәкістан жасанды интеллект саласындағы алғашқы бірлескен орталықты ашты

Қазақстан мен Пәкістан жасанды интеллект саласындағы алғашқы бірлескен орталықты ашты

Қазақстан Республикасының Пәкістан Ислам Республикасындағы Елшісі Ержан Қыстафин 2026 жылғы 6 шілдеде Гуджранвала қаласына жұмыс сапарымен барып, Қазақстан-Пәкістан жасанды интеллект жөніндегі алғашқы орталықтың ашылу рәсіміне және екіжақты келісімге қол қою рәсіміне қатысты.

Орталықтың ашылуы Қазақстан Республикасы Президенті Қ.Тоқаевтың ағымдағы жылғы 3-4 ақпанда Исламабад қаласына жасаған мемлекеттік сапары аясында өткен бизнес-форум барысында қол жеткізілген уағдаластықтардың нәтижесі болды.

Орталық құрылған GIFT университетінің негізін қалаушы әрі төрағасы Мұхаммад Анвар Дар, сондай-ақ жобаның бастамашысы әрі "Gujranwala Business Alliance" ұйымының төрағасы Ахмад Икрам Лон жобаны іске асыруға көрсеткен қолдауы үшін қазақстандық тарапқа алғыс білдіріп, жасанды интеллект саласында ҚР серіктестермен ынтымақтастықты кеңейтуге ниетті екендіктерін растады.

Өз кезегінде қазақстандық NSART компаниясының басшысы Нұрқожа Қалиасқаров аталған бастаманы іске асырудың маңыздылығын атап өтіп, Орталық қызметінің мазмұнды дамуына мүдделілік білдірді.
Елші Е.Қыстафин рәсімге қатысушыларды жобаның іске қосылуымен құттықтап, Қазақстан мен Пәкістан көшбасшылары жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты дамытуға айрықша басымдық беретінін ерекше атап өтті.

Сонымен қатар Гуджранвала қаласында болған кезінде Е.Қыстафин "Gujranwala Business Alliance" ұйымының штаб-пәтеріне, сондай-ақ жақында құрылған Гуджранвала әйелдер сауда-өнеркәсіп палатасына барды.
Бизнес қауымдастығының өкілдерімен өткен кездесу барысында іскерлік байланыстарды одан әрі нығайту, сондай-ақ екі ел арасындағы сауда-инвестициялық әріптестікті кеңейту және әртараптандыру мәселелері талқыланды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша бизнес және академиялық қауымдастық өкілдерінен құралған Гуджранвала делегациясының Қазақстанға кезекті сапарын ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.