Рабатта агроөнеркәсіп саласындағы Diana Holding компаниясымен ынтымақтастықтың келешегі талқыланды

Рабатта агроөнеркәсіп саласындағы Diana Holding компаниясымен ынтымақтастықтың келешегі талқыланды

Қазақстанның Мароккодағы Елшісі Сәулекүл Сайлауқызы Diana Holding компаниясының Президенті және Бас директоры Рита Мария Знибермен кездесті.

Тараптар агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықтың нақты бағыттарын талқылады. Қазақ тарапы Diana Holding-тің дистрибьюторлық желісінде қолданылуы мүмкін ұн, өсімдік майлары және дәнді дақылдарды Марокко нарығына жеткізуге қызығушылық танытты.

Елші екі ел арасындағы тауар айналымының тұрақты өсіп келе жатқанына назар аударды. Ол Елшілік ашылғаннан бері тауар айналымының 68% өскенін және өткен жылдың қорытындысы бойынша 460 млн. долл. асқанын атап өтті. Осыған байланысты марокколық тарап Қазақстанның экспорттық әлеуетімен, ең алдымен ауыл шаруашылығы өнімдері саласындағы әлеуетімен таныстырылды. Тараптар Diana Holding-ті қазақстандық астықты және оны қайта өңдеу өнімдерін тек Марокко нарығында ғана емес, сондай-ақ топтың дамыған дистрибьюторлық инфрақұрылымы бар Батыс Африка нарығында да ілгерілету жөніндегі серіктес ретінде тарту мүмкіндігін қарастырды.

Сонымен қатар, Елші Қазақстанның агроөнеркәсіп кешені саласындағы инвестициялық мүмкіндіктерін таныстырып, Diana Holding-ті ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу мен Қазақстан аумағында өндірістік қуаттар құру бағыттарын қоса алғанда, бірлескен инвестициялық жобаларды қарастыруға шақырды.

Тараптар серіктестікті дамыту жөніндегі практикалық қадамдарды әзірлеу үшін диалогты жалғастыруға, оның ішінде іскерлік делегациялардың өзара сапарлары мен қазақстандық экспорттаушылар мен Diana Holding өкілдері арасында бейінді кездесулер ұйымдастыруға өзара мүдделілік білдірді.

Diana Holding – 30 астам еншілес компанияны біріктіретін, жалпы саны 7000 асатын қызметкері бар Марокконың ірі агроөнеркәсіп топтарының бірі. Холдинг ауыл шаруашылығы компаниялары арасында 2-орында, ел бойынша ірі жеке топтар арасында 7-орында тұр, 8300 гектардан астам жерді басқарады.