
Қазақстан Республикасының Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) және халықаралық экономикалық ұйымдар жанындағы Тұрақты өкілі Қайрат Төребаев GSM қауымдастығының (GSMA) өкілдерімен келіссөздер өткізді.
Кездесу барысында Тұрақты өкіл Қазақстанның Халықаралық электр байланысы одағымен (ХЭО) халықаралық +7 телефон кодын пайдалану мәселелері бойынша бірлескен жұмысты аяқтағаны туралы хабардар етті. Осыған байланысты ақпараттың ХЭО-ның 2026 жылғы 1 маусымдағы №1341 Операциялық бюллетенінде ресми түрде жарияланғаны және оған сәйкес Қазақстанға +7 0, +7 6 және +7 7 нөмірлік ресурстары бекітілгені аталып өтті.
Қазақстан тарапы халықаралық байланыс операторлары, телекоммуникациялық қызмет көрсетушілер, цифрлық платформалар және жаһандық мобильді экожүйенің өзге де қатысушылары тарапынан қазақстандық нөмірлік ресурстардың дұрыс сәйкестендірілуін қамтамасыз етудің маңыздылығын атап өтті.
Тараптар жаңа келісімдерді практикалық іске асырудың келесі қадамдарын талқылап, халықаралық телекоммуникациялық инфрақұрылым мен цифрлық байланыс мәселелері бойынша өзара іс-қимылды жалғастыруға келісті.