Қазақстан мен Марокко минералды тыңайтқыштар саласындағы ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін ашуда

Қазақстан мен Марокко минералды тыңайтқыштар саласындағы ынтымақтастықтың жаңа көкжиектерін ашуда

2026 жылғы 19 маусымда Қазақстанның Мароккодағы Елшісі Сәулекүл Сайлауқызы Касабланкадағы OCP Group штаб-пәтерінде OCP Nutricorps компаниясының Бас директоры Фарис Дерриджмен кездесті.

Ф.Дерридж соңғы 4-5 жыл ішінде Қазақстан мен Марокконың белсенді саяси және сауда-экономикалық диалог орнатып, Орталық Азия мен Солтүстік Африка арасындағы байланыстарды нығайтуға ұмтылып жатқанын атап өтті. Қазақстан OCP Group-тің шикізатпен қамтамасыз етілуінде маңызды рөл атқаратын компанияның негізгі күкірт жеткізушілерінің бірі болып табылатынына назар аударды.

Елші С.Сайлауқызы, өз кезегінде, табиғи ресурстар, өнеркәсіп және аграрлық сектор салалары бойынша Қазақстанның экономикалық әлеуетімен таныстырды.

Сонымен қатар, қазақстандық дипломат Ф.Дерриджді осы жылдың шілде айында Корольдікке Қазақстанның өкілетті іскерлік делегациясының алдағы сапары туралы хабарлап, оның аясында Касабланкада бірқатар ірі қазақстандық компаниялар мен ведомстволардың қатысуымен Қазақстан-Марокко Іскерлік кеңесінің алғашқы отырысы өтетінін жеткізді.

Сұхбаттастар минералды тыңайтқыштар саласындағы ынтымақтастық перспективаларын да талқылап, өзара іс-қимылдың ықтимал форматтары туралы пікір алмасты және ұзақмерзімді серіктестікті дамытуға екіжақты мүдделіліктерін растады.

Екі ел арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың оң серпіні де ерекше атап өтілді, оған сәйкес 2025 жылдың қорытындысы бойынша тауар айналымы 460 млн. долл. асып, екіжақты ынтымақтастықтың тарихында рекордтық деңгейге жетті. Тараптар мұндай әсерлі нәтиже екі мемлекет іскерлік ортасының өзара мүдделігінің тұрақты өсіп жатқандығын айқын дәлелдейтінін және Марокконың Қазақстанның Африка құрлығындағы ең ірі сауда серіктесі мәртебесін бекітетінін атап өтті.

OCP Group – Марокко Корольдігінің ең ірі мемлекеттік компаниясы және фосфатты шикізатты өндіру, фосфор қышқылы мен минералды тыңайтқыштар өндіру саласындағы жетекші әлемдік ойыншылардың бірі. Компания дүниежүзілік фосфатты шикізат қорының шамамен 70% қол жеткізуді бақылайды және фосфорлы тыңайтқыштардың жаһандық нарығында үстем жағдайды иеленіп, 85 елге өнім жеткізеді. Компания Азия мен Африка нарықтарындағы позицияларды нығайту және төмен көміртекті өндірісті дамытуға бағытталған ауқымды инвестициялық бағдарлама іске асыруда. OCP Nutricorps – халықаралық нарықтарда тыңайтқыштарды жылжыту және өткізуге маманданған OCP Group-тің еншілес құрылымы.