Қазақстан мен Корея қаржылық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады

Қазақстан мен Корея қаржылық ынтымақтастықты кеңейту мәселелерін талқылады

Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Елшісі Асет Исенали Кореяның Экспорттық-импорттық банкінің (KEXIM) Президенті әрі Бас директоры Хван Ги Ёнмен кездесу өткізді.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Корея арасындағы инвестициялық және қаржылық-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі жай-күйі мен даму перспективаларын талқылап, кореялық қаржы институттарының Қазақстандағы басым жобаларды іске асыруға қатысуын кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударды.

Тараптар сондай-ақ экономиканы көміртексіздендіру, жаңартылатын энергия көздерін дамыту, жасыл сутегі мен аммиак өндіру, сондай-ақ заманауи экологиялық таза технологияларды енгізу бағыттарындағы өзара іс-қимылды нығайту мәселелерін қарастырды.

Әңгімелесушілер аса маңызды минералдар саласындағы ынтымақтастықты дамыту перспективалары жөнінде пікір алмасты. Сирек жер металдарын өндіру және терең өңдеу, жоғары қосылған құны бар өндірістік тізбектер қалыптастыру, өнеркәсіптік өндірістерді жергіліктендіру және аккумулятор индустриясын дамыту бойынша бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктері талқыланды.

Сонымен қатар Қазақстандағы көлік-логистикалық өзара байланыстарды нығайтуға, өндірістік қуаттарды жаңғыртуға және экспортқа бағдарланған өндірістерді құруға бағытталған инфрақұрылымдық, өнеркәсіптік және инновациялық жобаларды қаржыландыруға KEXIM-нің ықтимал қатысуына ерекше назар аударылды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Корея Республикасына алдағы сапары аясында тараптар инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі жандандыруға және екіжақты стратегиялық әріптестіктің дамуына қосымша серпін беретін жаңа бірлескен бастамаларды ілгерілетуге мүдделілігін растады.

Кездесу қорытындысы бойынша кореялық қаржы институттары мен жетекші компаниялардың қатысуымен перспективалы инвестициялық жобалар мен оларды қаржыландыру тетіктерін пысықтау жөніндегі тығыз өзара іс-қимылды жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.