Орталықазиялық бизнес өкілдері Оңтүстік Африкада іскерлік байланыстарды нығайтуда

Орталықазиялық бизнес өкілдері Оңтүстік Африкада іскерлік байланыстарды нығайтуда

Қазақстан Республикасының Оңтүстік Африка Республикасындағы Елшісі Еркін Ахинжанов Йоханнесбург қаласында өткен бизнес-форумға қатысты. Форум Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей және Оңтүстік Африка Республикасының іскер топтарының өкілдерін біріктірді.

Іс-шара Орталық Азия елдері мен Африка құрлығы мемлекеттері арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және көлік-логистикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылауға арналды.

Форумға өнеркәсіп, телекоммуникация, агроөнеркәсіп кешені, логистика, құрылыс, білім беру, дистрибуция және зергерлік өнеркәсіп салаларында қызмет ететін компаниялардың өкілдері, сондай-ақ Оңтүстік Африканың бизнес қауымдастығы мен сарапшылық ортасының өкілдері қатысты.

Өз сөзінде Қазақстан Елшісі Еркін Ахинжанов Африканың оңтүстігіндегі елдермен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы ақпарат беріп, Орталық Азия мемлекеттері мен Африка құрлығы елдері арасындағы өңіраралық өзара іс-қимыл әлеуетінің артып келе жатқанын атап өтті.

Форум барысында өңірлер арасындағы көлік-логистикалық өзара байланыстарды дамыту мәселелеріне ерекше назар аударылып, жаһандық жеткізу тізбектерінің тұрақтылығын арттыруға, көлік бағыттарын әртараптандыруға және жаңа нарықтарға қолжетімділікті кеңейтуге ықпал ететін негізгі халықаралық бағыттардың бірі ретінде Орта дәліздің әлеуеті талқыланды.

Форум аясында Оңтүстік Африка - Қазақстан сауда-мәдени қауымдастығы (SAKTCA) мен Орталық Азия Тобы (CAG) арасында Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат іскер топтар арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға, сондай-ақ сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени және білім беру салаларындағы байланыстарды дамытуға бағытталған.

Оңтүстік Афика Республикасында болған сапары аясында іскер топтардың өкілдері Гаутенг және Батыс Кейп провинцияларындағы тау-кен өнеркәсібі, агроөнеркәсіп кешені және логистика салаларындағы ынтымақтастықты дамыту тұрғысынан қызығушылық тудыратын бірқатар кәсіпорындар мен инфрақұрылым нысандарының қызметімен де танысты.

Сондай-ақ Кейптаун Сауда-өнеркәсіп палатасының өкілдерімен кездесу өтіп, оның барысында тікелей іскерлік байланыстарды кеңейту, инвестициялар тарту және іскер топтар арасындағы экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелері талқыланды.

Оңтүстік Африка-Қазақстан сауда-мәдени қауымдастығы (SAKTCA) 2024 жылы құрылған және Қазақстан Республикасы мен Оңтүстік Африка Республикасы арасындағы сауда, инвестициялар, мәдениет, білім беру, туризм және қоғамдық бастамалар салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты дамытуға және нығайтуға бағытталған ұйым болып табылады. Қауымдастық екі елдің бизнес өкілдері, институттары мен сарапшылық қауымдастықтары арасындағы өзара іс-қимылды дамытуға арналған тиімді алаң болып табылады.

Орталық Азия Тобы (CAG) 2003 жылы құрылған халықаралық консалтингтік компания болып табылады және Орталық Азия, Оңтүстік-Шығыс Азия және Африка елдеріндегі нарықтарға шығу, тәуекелдерді талдау және бизнесті стратегиялық сүйемелдеу мәселелеріне маманданған.