Қазақстан мен Израиль ғылым, жоғары білім және инновациялар саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстан мен Израиль ғылым, жоғары білім және инновациялар саласындағы ынтымақтастықты нығайтуда

Қазақстанның Израильдегі Елшісі Дәулет Ембердиевтің Тель-Авив университетінің президенті, профессор Ариэль Поратпен кездесуі өтті. 

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Израиль арасындағы академиялық, ғылыми және инновациялық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады.

Тараптар академиялық алмасуларды дамытуға, бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыруға және жоғары оқу орындары арасындағы байланыстарды нығайтуға өзара қызығушылықтарын растады. Жасанды интеллект, цифрлық технологиялар, биомедицина, киберқауіпсіздік, су ресурстарын басқару және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру салаларындағы ынтымақтастыққа ерекше назар аударылды.

Сондай-ақ академиялық ұтқырлық бағдарламаларын кеңейту, бірлескен конференциялар, тағылымдамалар мен ғылыми зерттеулер ұйымдастыру, сондай-ақ инновациялар мен университеттік стартаптарды қолдау саласындағы тәжірибе алмасу мәселелерін талқыланды.

Кездесу қорытындысы бойынша Тель-Авив университеті мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті арасында әріптестік орнату мәселесін пысықтау жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Израиль тарапы қазақстандық студенттер мен зерттеушілердің білім алу, тағылымдамадан өту және ғылыми даярлық мүмкіндіктерін кеңейту мақсатында «Болашақ» халықаралық стипендиялық бағдарламасымен ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық танытты.

Тель-Авив университеті Израильдің жетекші жоғары оқу орны болып табылады және QS World University Rankings 2026 рейтингінде 223-орында тұр. Университет компьютерлік ғылымдар мен жасанды интеллект, инженерия, математика, физика, медицина, биомедициналық ғылымдар, экономика және құқық салаларындағы жетістіктерімен халықаралық деңгейде танылған. Университетте шетелдік студенттерді қоса алғанда, 30 мыңнан астам студент білім алады.