
Қазақстанның Бельгиядағы Елшісі Роман Василенко Брюссель астаналық өңірінің Министр-президенті Борис Дильеспен кездесті.
Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Брюссель астаналық өңірі арасындағы ынтымақтастықты дамыту перспективаларын талқылап, сауда-экономикалық байланыстарға, инвестицияларға, цифрландыруға, инновацияларға және өңіраралық өзара іс-қимылға ерекше назар аударды.
Р.Василенко Бельгияның Қазақстан үшін маңызды саяси әрі экономикалық серіктестердің бірі екенін атап өтті. 2025 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты сауда көлемі 583 млн АҚШ долларына жетіп, 28%-ға артқаны, ал Бельгияның Қазақстан экономикасына салған инвестицияларының жалпы көлемі 14,5 млрд АҚШ долларынан асқаны атап өтілді. Бұл көрсеткіш Бельгияны еліміздің экономикасына инвестиция салатын он ірі инвестордың қатарына қосады.
Инвестициялар тарту және кәсіпкерлікті дамыту мәселелеріне ерекше көңіл бөлінді. Осы тұрғыда тараптар Қазақстан мен Брюссель астаналық өңірінің іскер топтары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін, сондай-ақ инвестицияларды және шағын және орта бизнесті қолдау институттары арасындағы өзара іс-қимылды талқылады.
Келіссөздердің жеке блогы цифрландыру, инновациялар және жасанды интеллект мәселелеріне арналды.
Тараптар сондай-ақ «ақылды қалаларды» дамыту, цифрлық басқару және қалалық инфрақұрылым мәселелері бойынша пікір алмасты. Осы контексте Қазақстанның қоғамдық қауіпсіздік пен жол қозғалысын басқаруға арналған «Сергек» зияткерлік жүйесі таныстырылды. Бұл жүйе еліміздің ірі қалаларында табысты түрде енгізілуде.
Б. Дильестің Брюссельдегі Уккел коммунасының мэрі ретіндегі көпжылдық тәжірибесін және қалалық басқару саласындағы қызметін атап өте отырып, тараптар қазақстандық өңірлермен әріптестік байланыстар орнату мүмкіндігін қарастырды. Ықтимал ынтымақтастық урбанистика, муниципалдық басқару, мемлекеттік қызметтерді цифрландыру, инвестициялар тарту және қалалардың тұрақты дамуы салаларындағы тәжірибе алмасуды қамтуы мүмкін.
Өз кезегінде Б. Дильес Қазақстанның Орталық Азия өңіріндегі маңызды рөлін және еліміздің қарқынды дамып келе жатқан экономикасын атап өтіп, сауда-экономикалық және мәдени ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға жәрдемдесуге ниетті екенін білдірді. Осы тұрғыда сұхбаттастар Қазақстандағы Брюссель компанияларының қатысуының оң динамикасын қанағаттанушылықпен атап өтті. Олардың қатарында Алматы мен Астанада жұмыс істейтін танымал Le Pain Quotidien наубайхана-мейрамханалар желісі ерекше аталды.
Тараптар сондай-ақ мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелерін талқылап, осы саладағы бірлескен жобаларды іске асырудың маңыздылығын растады. Осыған байланысты жақында құрылған Алматы өнер мұражайы мен Брюссельдегі «KANAL – Centre Pompidou» мұражайы арасындағы жоба атап өтілді. Жоба көрмелермен алмасуды, тәжірибе бөлісуді және мәдени бастамаларды жүзеге асыруды көздейді.
Кездесу барысында Елші Министр-президентті Қазақстанда жүргізіліп жатқан ауқымды саяси реформалар және 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетін жаңа Конституцияның қабылдануы туралы хабардар етті. Реформалардың мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіруге, заң үстемдігін нығайтуға және азаматтардың қоғамдық-саяси өмірге қатысуын кеңейтуге бағытталғаны атап өтілді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар практикалық ынтымақтастықты дамытуға өзара мүдделілігін растады және инвестициялық, инновациялық және өңіраралық бағыттардағы бірлескен бастамаларды іске асыру бойынша байланыстарды жалғастыруға келісті.
Брюссель астаналық өңірі Бельгияның саяси және әкімшілік орталығы болып табылады, елдің федералдық құрылымындағы үш өңірдің бірі әрі Еуропадағы ең маңызды халықаралық іскерлік және институционалдық хабтардың қатарына кіреді. 2025 жылы өңірдің жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) шамамен 108,5 млрд еуроны (117,8 млрд АҚШ доллары) құрады, ал жан басына шаққандағы ЖІӨ 80 мың еуродан асып, Еуропалық одақтағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі болды.
Өңір экономикасы негізінен қызмет көрсету және инновациялық секторларға сүйенеді. Қаржылық қызметтер, халықаралық сауда, консалтинг, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, цифрлық экономика, ғылыми зерттеулер мен әзірлемелер, сондай-ақ еуропалық және халықаралық институттардың қызметі негізгі рөл атқарады. Брюссельде Еуропалық одақтың, НАТО-ның штаб-пәтерлері, көптеген халықаралық ұйымдар, трансұлттық корпорациялар мен салалық қауымдастықтардың кеңселері орналасқан.