Касабланкада Азия мен Марокко арасындағы сауда-экономикалық серіктестікті дамыту жолдары талқыланды

Касабланкада Азия мен Марокко арасындағы  сауда-экономикалық серіктестікті дамыту жолдары талқыланды

Қазақстан Республикасының Мароккодағы Елшісі Саулекүл Сайлауқызы Касабланка қаласында ұйымның штаб-пәтерінде өткен Азия-Тынық мұхиты өңірі мемлекеттері елшілерінің Марокконың Бас кәсіпорындар конфедерациясының (CGEM) Төрағасы Мехди Тазимен кездесуіне қатысты.

Іс-шараға Марокко Корольдігінде аккредиттелген Қазақстан, Әзербайжан, Австралия, Бангладеш, Үндістан, Индонезия, Корея Республикасы, Малайзия, Таиланд және Филиппин дипломатиялық миссияларының басшылары қатысты.

Азия-Тынық мұхиты өңірі елдері елшілер тобының дуайені ретінде сөз сөйлеген С.Сайлауқызы Азия мемлекеттері мен Марокко арасындағы сауда-экономикалық өзара іс-қимылдың елеулі әлеуетін атап өтіп, өзара сауда, инвестициялар және іскерлік байланыстарды арттыру үшін қолда бар мүмкіндіктерді неғұрлым белсенді пайдаланудың қажеттігін айтты.

Өз сөзінде қазақстандық дипломат қазақ-марокко ынтымақтастығының серпінді дамуына мысал келтірді. Атап айтқанда, 2021 жылы Қазақстанның Мароккода Елшілігі ашылған сәттен бастап екіжақты сауда көлемі 68%-ға өсіп, өткен жылдың қорытындысы бойынша 460 млн АҚШ долларынан асты. Екі ел арасындағы іскерлік және туристік алмасулардың кеңеюіне визасыз режимнің оң әсері де ерекше атап өтілді.

Елші Қазақстан–Марокко Іскерлік кеңесінің құрылуына ерекше назар аударды. Оның алғашқы отырысы ағымдағы жылдың шілде айында Касабланка қаласында өтеді деп жоспарлануда. Іс-шараға қазақстандық бизнес өкілдерінен тұратын кең делегацияның қатысуы күтілуде, бұл екі елдің іскерлік топтары арасындағы тікелей байланыстарды дамытудағы маңызды қадам болмақ.

Кездесуді ашқан CGEM Төрағасы Мехди Тази Марокконың әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі үрдістерімен таныстырып, ел экономикасының тұрақтылығын және оның Африка, Еуропа және араб әлемі түйіскен стратегиялық орналасуын атап өтті. Ол сондай-ақ екіжақты іскерлік кеңестерді құруды саяси диалогты бірлескен жобаларды іске асырудың практикалық деңгейіне көшірудің тиімді тетігі ретінде маңызды деп бағалады.

Талқылау барысында дипломатиялық миссиялардың басшылары өз елдерінің Мароккомен қарым-қатынастарының оң серпінін атап өтіп, сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамыту бойынша ұсыныстармен алмасты.

Іс-шара аясында Қазақстан Елшісі С.Сайлауқызы мен CGEM Төрағасы Мехди Тази арасында жеке кездесу өтті. Тараптар Қазақстан–Марокко Іскерлік кеңесінің алғашқы отырысына дайындық барысын, инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын, сондай-ақ екі елдің бизнес қауымдастықтары үшін өзара қызығушылық тудыратын нақты жобаларды талқылады.

Өткен кездесу азиялық бизнес қауымдастығының Марокко нарығына деген өсіп келе жатқан қызығушылығын растады және Азия елдері мен Марокко арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға қосымша мүмкіндіктер ашты.