
Париж, 2026 жылғы 10 маусым – Астанада өткен Алтын Орда тарихына арналған симпозиумның қорытындылары Өркениеттер арасындағы халықаралық диалог күніне орай ЮНЕСКО бас кеңсесінде ұйымдастырылған «Жібек жолының мұрасы, саяхат пен дәстүр: мәдениетаралық диалог бағында» атты халықаралық конференция барысында көтерілген тақырыптардың арасында болды.
Іс-шараға ЮНЕСКО басшылығы, Жібек жолының құрлық бойы және теңіз бағыттары бойында орналасқан мемлекеттердің елшілері, тарих пен мәдени мұра саласындағы беделді ғалымдар мен сарапшылар қатысты.
Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов өз сөзінде еліміздің Жібек жолының дамуына қосқан үлесін және оның экономикалық және мәдениетаралық алмасулардың да маңызды құралы ретіндегі рөлін атап өтті.
Осы тұрғыда Елші конференция қатысушыларын 2026 жылғы 19–20 мамырда Астанада өткен «Алтын Орда – дала өркениетінің үлгісі: тарих, археология, мәдениет, бірегейлік» атты халықаралық симпозиумның қорытындыларымен таныстырды.
Оның айтуынша, Қазақстан астанасында өткен іс-шараға Азия, Еуропа, Америка және Таяу Шығыстың 20-дан астам елінен 300-ден астам делегаттың қатысуы Алтын Орда мен Ұлы Дала тарихын зерттеуге маманданған түрлі ғылыми мектептердің қызығушылығын көрсетті. Бұл өз кезегінде аталған мемлекеттің саяси, әлеуметтік-экономикалық және мәдени мұрасын жүйелі түрде зерттеудің жоғары халықаралық маңызын әрі осы тақырыптар кешені бойынша ғылыми ізденістерді одан әрі тереңдетудің өзектілігін айқын дәлелдеді.
Елші атап өткендей, Жібек жолының солтүстік тармағын бақылап, Ұлы Даладағы сауда бағыттарының қауіпсіздігін қамтамасыз еткен Алтын Орда дәуірінде оның аумағы арқылы Қытай жібегі, Үндістан дәмдеуіштері, Ресей аң терілері, Орталық Азия жылқылары, Еуропа, Таяу және Орта Шығыс елдерінің қолөнер бұйымдары сияқты көптеген тауарлар тұрақты түрде тасымалданып отырған.
Оның айтуынша, Жошы Ұлысының экономикалық қуаты оның билеушілері атынан соғылған сансыз көп теңгелерінен де көрініс тапқан. Ал Еуразияның түрлі өңірлерінен табылып жатқан осы теңгелер бүгінгі күні Жібек жолының осы бөлігіндегі сауда және басқа да алмасулар тарихын тереңірек зерделеуге мүмкіндік береді.
«ЮНЕСКО қамқоршылығымен өткен Алтын Орда мұрасы жөніндегі ауқымды симпозиум халықаралық ғылыми қауымдастықтың Еуразия мен Ұлы Даланың өзара сабақтас тарихын неғұрлым кең әрі жаңашыл тұрғыдан терең сараптауға жоғары қызығушылық танытып отырғанын айқын көрсетті», – деп атап өтті дипломат.
Осыған байланысты ол беделді үкіметаралық ұйымның басшылығына Қазақстанның осы бастамасына көрсеткен құнды қолдауы, симпозиумға жоғары деңгейде қатысуы және Астанадағы ғылыми пікір алмасуларға мазмұнды үлес қосқаны үшін алғыс айтты.
Өз кезегінде, Астанадағы симпозиумға ЮНЕСКО делегациясын бастап келген ЮНЕСКО Дүниежүзілік мұра орталығының директоры Лазар Элунду Ассомо іс-шараның жоғары ұйымдастырушылық және мазмұндық деңгейде өткенін атап өтті. Ол мұндай бастамалардың Еуразия халықтарының адамзаттың ортақ мәдени мұрасына қосқан үлесін жан-жақты зерттеу үшін ерекше маңызға ие екенін айтып, Қазақстанға ЮНЕСКО-ның Жібек жолы бағдарламасын ұзақ мерзімді қолдап келе жатқаны үшін ризашылығын білдірді.
Бағдарлама соңында конференция қатысушылары Жібек жолы елдерінің, соның ішінде Қазақстанның аспаздық мұрасын танытатын ұлттық тағамдардан дәм татты.