Қазақстан еуразиялық сауда-логистикалық архитектурасындағы негізгі буын ретіндегі позициясын нығайтуда

Қазақстан еуразиялық сауда-логистикалық архитектурасындағы негізгі буын ретіндегі позициясын нығайтуда

Женева, 2026 жылғы 11 маусым – Қазақстанның Швейцариядағы дипломатиялық өкілдіктерінің қолдауымен Женева қаласында «Kazakhstan Commodity Forum» форумы өтті. Іс-шараға мемлекеттік ұйымдардың өкілдері, швейцариялық және халықаралық қаржы институттары, сондай-ақ Gunvor, Mercuria, Fracht Group, MSC, SOCAR, COFCO, ADM, Louis Dreyfus Company, Cargill және ESM Foundation секілді шикізат саудасы, энергетика, агроөнеркәсіптік кешен, көлік және логистика салаларындағы жетекші халықаралық компаниялардың өкілдері қатарынан 200-ге жуық қатысушы жиналды.

Форумның ашылуында Қазақстанның Швейцариядағы Елшісі Қайрат Саржанов Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан институционалдық реформалардың, оның ішінде жаңа Конституцияның қабылдануының маңыздылығын атап өтіп, олардың құқық үстемдігін нығайтуға, мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттыруға және инвесторлардың құқықтарын қорғауды күшейтудегі ықпалына назар аударды. Ол шетелдік серіктестердің сенімі мен елдегі қолайлы бизнес ахуалдың маңызды көрсеткіші ретінде екіжақты экономикалық ынтымақтастықтың тұрақты дамуын ерекше атап өтті. 2025 жылы Қазақстан мен Швейцария арасындағы тауар айналымы 1,5 млрд АҚШ долларын құрады, ал Швейцарияның Қазақстан экономикасына салған тікелей инвестицияларының жиынтық көлемі 36 млрд АҚШ долларынан асты. Осылайша, Швейцария Қазақстандағы үшінші ірі шетелдік инвестор болып отыр. Сонымен қатар, Елші жаһандық жеткізу тізбектерінің қайта құрылуы жағдайында Қазақстанның мол стратегиялық ресурстарға, сенімді инфрақұрылымға және ұзақ мерзімді әріптестік орнатуға кең мүмкіндіктерге ие екенін айтып, ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің әлеуетіне назар аударды.

Өз кезегінде Женева сауда-өнеркәсіп палатасының бас директоры Венсан Субилия швейцариялық бизнестің Қазақстанға деген тұрақты қызығушылығын атап өтті. Оның айтуынша, бүгінде Қазақстанда швейцариялық капиталдың қатысуымен құрылған шамамен 400 компания жұмыс істейді. Олар тау-кен өнеркәсібі, энергетика, көлік, инфрақұрылым, фармацевтика, өңдеу өнеркәсібі және қаржы қызметтері секілді экономиканың негізгі салаларында қызмет атқарады.

Форум аясында «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі, «ҚазМұнайГаз» және «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниялары, сондай-ақ Майлы дақылдарды өңдеушілердің ұлттық қауымдастығының өкілдері жоғары қосылған құны бар өндірістерді дамыту, экспорттық мүмкіндіктерді кеңейту және бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру бағытындағы тәсілдерін таныстырды.

Панельдік пікірталастарға қатысушылар Қазақстанның энергетика, логистика және стратегиялық ресурстар жеткізу салаларындағы сенімді серіктес ретіндегі рөлінің артып келе жатқанын атап өтті. Сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешенді жаңғырту, экспорттық әлеуетті арттыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту және елді халықаралық өндірістік-логистикалық тізбектерге ықпалдастыру мәселелері үлкен қызығушылық тудырды.

Форум энергетика, металлургия, агроөнеркәсіптік кешен және көлік-инфрақұрылым салаларындағы сауда мен инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту мәселелері бойынша мазмұнды әрі сындарлы пікір алмасуға арналған тиімді алаңға айналды. Жетекші компаниялардың кеңінен қатысуы және форумға қатысушылардың оң пікірлері швейцариялық бизнес қауымдастықтың Қазақстанға деген жоғары қызығушылығын тағы бір мәрте растады.

Kazakhstan Commodity Forum форумын өткізудің бастамашысы Commodity Trading Club болды, ал іс-шараның қаржылық серіктесі ретінде «Harvest Agro» компаниясы қолдау көрсетті.