Халықаралық сауданың тиімділігі мен орнықтылығы – Азия-Тынық мұхиты өңірі елдерінің назарында

Халықаралық сауданың тиімділігі мен орнықтылығы – Азия-Тынық мұхиты өңірі елдерінің назарында

Қазақстанның Таиланд Корольдігіндегі Елшісі, Қазақстан Республикасының БҰҰ-ның Азия және Тынық мұхиты үшін экономикалық және әлеуметтік комиссиясы (БҰҰ АТМЭӘК) жанындағы Тұрақты өкілі Марғұлан Баймұхан бастаған қазақстандық делегация, оның құрамында ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің, ҚР Сауда және интеграция министрлігінің және ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің өкілдері бар, Азия-Тынық мұхиты сауда рәсімдерін жеңілдету форумы мен Қағазсыз сауда апталығы – 2026 жұмысына кірісті.

Іс-шара 2026 жылғы 8-12 маусым аралығында Бангкок қаласындағы БҰҰ АзТМЭӘК штаб-пәтерінде «Сауданы цифрландырудың жаңа буыны: цифрлық және орнықты сауда рәсімдерін жеңілдетуді ілгерілету» тақырыбымен өтуде.

Апта бойы Азия-Тынық мұхиты өңірінің 50-ден астам елінен келген қатысушылар өзара сауда рәсімдерін жеңілдету саласындағы жаңа тәсілдер мен практикалық шешімдерді әзірлеуге бағытталған жоғары деңгейдегі отырыстарға, интерактивті сессияларға және сарапшылық пікірталастарға қатысады.

Форум сауданы цифрландыру, логистикалық және кедендік рәсімдерді жетілдіру, сондай-ақ халықаралық сауданың тиімділігі мен орнықтылығын арттыру мақсатында Азия-Тынық мұхиты өңірі мемлекеттері арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланатын негізгі өңірлік алаңдардың бірі болып табылады.