
Қазақстан Республикасының Кувейт Мемлекетіндегі Елшісі Ержан Елекеев Кувейт Мемлекетінің Экономикалық мәселелер және инвестициялар жөніндегі мемлекеттік министрі Абдалазиз Әл-Марзуқпен кездесу өткізді.
Тараптар агроөнеркәсіптік саладағы әріптестікті дамыту және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне ерекше назар аударды. Қазақстан тарапы елдің Орталық Азиядағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруші жетекші мемлекеттердің бірі ретіндегі әлеуетін, сондай-ақ қосылған құны жоғары өнім экспортын кеңейту мүмкіндіктерін таныстырды.
Кувейт тарапы азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мемлекеттің негізгі ұлттық басымдықтарының бірі екенін және Қазақстанмен осы бағыттағы ынтымақтастықтың тек Кувейт Мемлекеті үшін ғана емес, бүкіл өңір үшін де маңызды екенін атап өтті.
Қазақстандағы ең ірі инвестициялық жобалардың бірі – «Alatau City» құрылысына ерекше назар аударылды. Тараптар жобаның жоғары инвестициялық әлеуетін атап өтіп, оның кувейттік бизнес пен инвесторлардың қызығушылығын тудырып, екіжақты инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашатынына сенім білдірді.
Кездесу барысында Елші Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің атынан Мемлекеттік министрге Қазақстанға сапармен келуге арналған шақыру хатын табыс етті.
Тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге, сондай-ақ өзара қызығушылық тудыратын бірлескен жобаларды іске асыруға өзара мүдделі екендіктерін растады.
Кувейт Мемлекетінің Экономикалық мәселелер және инвестициялар жөніндегі мемлекеттік министрі Kuwait Investment Authority (KIA) Директорлар кеңесінің төрағасы болып табылады. KIA – Кувейт мемлекетінің ұлттық әл-ауқат қоры және басқаруындағы активтерінің жалпы көлемі шамамен 1 триллион АҚШ долларын құрайтын әлемдегі ең ірі мемлекеттік инвестициялық қорлардың бірі. Сонымен қатар, министр Kuwait Direct Investment Promotion Authority (KDIPA) Директорлар кеңесін басқарады. KDIPA – тікелей шетелдік инвестицияларды тартуға, стратегиялық инвестициялық жобаларды сүйемелдеуге және Кувейттің инвестициялық тартымдылығын арттыруға жауапты мемлекеттік орган.