Орталық Азия мен Скандинавия тұрақты ынтымақтастық жолында

Орталық Азия мен Скандинавия тұрақты ынтымақтастық жолында

Қазақстанның Финляндиядағы Елшісі Азамат Әбдіраимов Скандинавия-Орталық Азия тұрақты бизнесін дамыту жөніндегі қауымдастықтың («SCABA») Бас хатшысы Илкка Ряйсяненмен кездесті.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Солтүстік Еуропа елдері арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту перспективаларын, сондай-ақ екіжақты күн тәртібінің бірқатар өзекті бағыттарын талқылады.

Қазақстандық дипломат әңгімелесушіні елде жүзеге асырылып жатқан экономикалық реформалар, инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі шаралар және тұрақты даму саласындағы мемлекеттік саясаттың басымдықтары туралы хабардар етті. Қазақстанның Орталық Азияда бірлескен жобаларды іске асыру жөніндегі өңірлік орталық ретіндегі әлеуетіне ерекше назар аударылды.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бұдан әрі диалогты жалғастыруға және өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға жәрдемдесуге дайын екендіктерін растады.

«SCABA» - Орталық Азия мен Солтүстік Еуропа елдері арасындағы берік іскерлік байланыстарды орнатуға бағытталған бизнес-бағдарланған ұйым.