Қазақстанның Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасы ЮНЕСКО-ның гидрологиялық алаңында таныстырылды

Қазақстанның Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасы ЮНЕСКО-ның гидрологиялық алаңында таныстырылды

Қазақстан делегациясы ЮНЕСКО-ның Үкіметаралық гидрологиялық бағдарламасы (ҮГБ) Кеңесінің 27-сессиясына қатысты.

Сессия барысында мүше мемлекеттер ҮГБ-ның стратегиялық басымдықтарын іске асыру, 2026 жылғы БҰҰ Су ресурстары жөніндегі конференциясына дайындық, мемлекеттердің су ресурстары саласындағы әлеуетін арттыру және ұлттық әрі трансшекаралық су ресурстарын басқару тетіктерін жетілдіру мәселелерін қарастырды.

Қазақстанның ЮНЕСКО жанындағы Тұрақты өкілі Асқар Абдрахманов гидрологиялық қауымдастықты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Біріккен Ұлттар Ұйымының аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі бастамасы туралы хабардар етті. Ол бұл бастаманың жаһандық су басқару жүйесіндегі үйлестіруді күшейтуге, халықаралық міндеттемелерді іске асыру тиімділігін арттыруға және аталған саладағы бытыраңқылықты еңсеруге бағытталғанын атап өтті.

Осыған байланысты отандық дипломат ЮНЕСКО-дағы жиналысқа қатысушыларға 2026 жылғы 23 сәуірде Астанада Өңірлік экологиялық саммит аясында өткен Халықаралық су ұйымын құру мәселелері жөніндегі алғашқы халықаралық консультациялардың нәтижелері туралы ақпарат берді.

Елші А. Абдрахманов гидрологиялық ғылымдар, кадрларды даярлау және халықаралық ынтымақтастық саласында жарты ғасырдан астам тәжірибесі бар ЮНЕСКО-ның Үкіметаралық гидрологиялық бағдарламасы жаһандық су басқаруын жетілдіру мәселелері бойынша сындарлы диалогты ілгерілететін БҰҰ жүйесіндегі беделді үкіметаралық платформалардың бірі екенін атап өтті.

ЮНЕСКО-ның Бас директоры Халед әл-Анани су ресурстары қазіргі заманның тұрақты даму, климаттың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі және бейбітшілікті қамтамасыз ету мәселелерімен тікелей байланысты негізгі сын-қатерлерінің бірі екенін атап өтті. Ол су мәселелерінің әртүрлі аспектілері бойынша ғылыми зерттеулер саласындағы барынша мазмұнды халықаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға шақырды.

Қазақстанның ҮГБ Кеңесінің 27-сессиясына қатысуы еліміздің су қауіпсіздігі мәселелері бойынша көпжақты ынтымақтастықты дамытуға, су ресурстарын басқаруда ғылыми тәсілді ілгерілетуге және қазіргі заманның су проблемаларын еңсерудің тиімді халықаралық шешімдерін іздестіруге бейілділігін растады.

 ЮНЕСКО-ның 1975 жылы құрылған Үкіметаралық гидрологиялық бағдарламасы (ҮГБ) су ресурстарын зерттеу мен басқаруға, сондай-ақ осы саладағы білім беру бағдарламалары мен мамандар мен ұйымдардың әлеуетін нығайтуға арналған халықаралық ғылыми ынтымақтастық платформасы болып табылады. Оның басқарушы органы - төртжылдық мерзімге сайланатын 36 мемлекеттен тұратын ҮГБ Кеңесі.