
Иллинойс штатына жұмыс сапары аясында ҚР-дың Нью-Йорк қаласындағы Бас консулдығы Орталық Азия елдері мен АҚШ-тың іскер топтарының өкілдерін біріктірген Central Asia Business Expo Chicago 2026 (CABXPO) халықаралық бизнес-форумына қатысты. Аталған форум сауда, инвестициялар, инновациялар және халықаралық кәсіпкерлік ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылауға арналған маңызды алаңға айналды.
Іс-шара барысында логистика, қаржылық және заңгерлік қызметтер, цифрлық технологиялар, консалтинг және басқа да салаларда АҚШ-та табысты қызмет атқарып жүрген қазақстандық кәсіпкерлермен кездесулер өткізілді. Отандық кәсіпкерлер Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық байланыстарды нығайтуға елеулі үлес қосып, іскерлік байланыстарды дамытуға және бірлескен жобаларды іске асыруға ықпал етуде.
Форум аясында ҚР-дың Бас консулы Р.Тлеулин Иллинойс штатының мемлекеттік және іскерлік құрылымдарының өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді. Олардың қатарында Иллинойс штатының Қаржы бақылаушысы С.Мендоза, Иллинойс штатының Сауда және инвестициялар жөніндегі кеңсесінің директоры М.Маркопулос, World Business Chicago ұйымының бизнесті дамыту жөніндегі атқарушы вице-президенті Д.Андухар-Редман және америкалық іскер топтардың өзге де өкілдері болды.
Келіссөздер барысында тараптар сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын, америкалық компанияларды Қазақстандағы жобаларды іске асыруға тарту мүмкіндіктерін, сондай-ақ Қазақстан мен Иллинойс штаты арасындағы өңіраралық байланыстарды одан әрі дамыту мәселелерін талқылады.
Өткізілген кездесулер жаңа іскерлік байланыстар орнатуға, өзара іс-қимылдың перспективалы бағыттарын айқындауға мүмкіндік беріп, сауда, инвестициялар, агроөнеркәсіптік кешен, өнеркәсіп, логистика, цифрлық технологиялар және инновациялар салаларындағы әріптестікті тереңдетуге өзара мүдделілікті растады.